29.01.2026, 17:00
Оқылды: 69

Қаршадай бала, қаптаған ит...

Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылында бір балаға иттер шабуылдады. Абырой болғанда сол маңнан өтіп бара жатқан  жас мұғалім мұны байқап, оқушыны құтқарып қалды.

96e26198-1375-42fa-aef7-16d7cc51bc7e

Қаңтардың 21-і күні Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Айшабибі Үмбетиярова қызмет орнына келе жатып, иттердің үрген дауысын естиді. Дауыс шыққан жаққа қарай барса, олар өзара ойнап жүргендей көрінеді. Бір уақытта арасынан баланы байқағандай болады. Зер салып қараса, қызғылт бас киімі бар баланы аңғарады. Баланың дауысын естіген бойда телефонындағы камераны қосып, екінші қолымен сөмкесін сермеп, иттерге кет деп айқалап солай қарай жүгірген.

– Төбеттер қашып кеткеннен соң баланы тұрғызып қарасам, өзіміздің мектептің 5-сынып оқушысы Миржан Әділов екен. Ол да мені көріп «Апай, апай!» деп жылап жіберді. Мұрнынан аққан қан күрткесіне, қолғабына тамғанын байқадым. Сөмкемнен ылғал сулықты (влажная салфетка) алып, мұрнын, бетін сүртіп, мектепке алып барып, медбикеге көрсеттім. Сол бойда қанды тоқтатып, беті-қолын жуғаннан соң медбике баланың киімдерін шешіп, денесінде иттің қапқан жерлерінің ізі жоқ па деп қарады. Құдай сақтап, күрткесінің, қолғабының қалың болуынан шығар, ондай ештеңе байқалмады, – дейді Айшабибі Жұмахметқызы.

Содан соң мектептің медбикесі Миржанды Дарияндағы аудандық №2 ауруханаға апарған. «Бала бізге келген кезде жағдайы біркелкі қалыпты болды. Ешқандай жарақат байқалмады, – дейді хирург Вячеслав Еременко. – Сол жақ қолы мен білегінде сәл-пәл қанталаған іздер ғана болды. Мектептің медбикесі мұрны қанағанын айтты. Біз өз тарапымыздан тиісті тексеру шараларын жүргізіп, бәрі қалыпты болған соң, дәрі-дәрмегін тағайындап үйіне қайтардық».

Айтпақшы, Айшабибі Үмбетиярова бір топ иттің бәрі  бірдей  бұралқы  еместігін  де  айтты. Себебі олардың арасында қасқырға ұқсайтын сұр түсті хаски  тұқымдас  ит  те  болған.

Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов ауылда бұралқы иттермен бірге қожайындары бар иттер, тіпті олар балалармен бірге мектепке дейін барып, сол маңда жүретінін алға тартты. Соған орай ауыл тұрғындарына иттерін шығармау, әсіресе балалармен бірге білім ошағына қарай жібермеу туралы ескертілген.

– Дариянда 1870-тей аула болса, олардың жартысы ит ұстайды. Біздің ветстансада иттерді стерилизациялау секілді жұмыстар жүргізіледі. Алайда тұрғындардың жартысынан көбі төрт аяқтыларын қаппайды, тимейді деп онда апармайды. Ал ауыл аумағында шамамен 30-40 шақты бұралқы  ит бар. Олар негізінен осы маңдағы саяжайдан келеді. Бұған қоса кей адамдар иттері күшіктеген соң күшіктерді күл-қоқыс төгетін жерге апарып тастайды. Күшіктер жаздай сол маңда жүріп, қысқа таман ауылға кіреді. Міне, осыдан келіп қаңғыбас иттер көбеюде.

Енді ветеринарлық станса ит аулаумен айналыспайтын болып жатыр. Бұл қызмет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүктелмек. Дәл қазір ит аулауға жауапты мекеме жоқ. Сондықтан бәрі бізге қарайды. Ал итті атуға заңмен тыйым салынғаны белгілі. Бұралқы иттерді аулау кезінде уақытша ұйықтататын дәрілер (дротик) қолданылады. Кеше мына оқиға орын алған соң дротик беріп, екі жігітті сол жаққа жібердік. Олар төрт итті көрген. Енді сол иттер ме, әлде басқа ма оны айту қиын. Дротик тиген бір ит уақытша ұйықтап қалды. Қалғаны қашып кетті. Шағын ауыл болса, итті табуға болар еді, Дариянның аумағы үлкен ғой, оларды қайдан табасың?.. Дегенмен, біз де қарап отырған жоқпыз. Заң талаптарына сәйкес іс-шараларды жүргізіп жатырмыз, – дейді Тілек Насырұлы.

bee01655-e240-45a7-b45e-35f59798fa5a

Біз барғанда сабаққа баруға дайындалып жатқан Миржан Әділов еш жері ауырмағанын, тек иттерден қатты қорқып кеткенін айтты. Енді барынша сақ әрі жалғыз жүрмеуге тырысатынын  да  жеткізді.  Дегенмен де қаңғыбас иттер мәселесіне жіті назар аударатын уақыт  жеткенін  мәлімдеді.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале