29.01.2026, 16:45
Оқылды: 71

Жайлап жүрiп, жалпағынан...

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Алтынай Журасованың 60 жасқа толу мерейтойы оқу ордасында кеңінен аталып өтті. Оған салтанатты кеш иесінің алыс-жақыннан келген ұстаздары, әріптестері, жерлестері, достары, туыстары, шәкірттері және жергілікті  атқамінерлер  қатысты.

WhatsApp Image 2026-01-29 at 14.43.37

Осыдан үш жыл бұрын М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 90 жылдығына орай жазылған «Білім ап саяңда...» атты естелік-эссемде қара шаңырақтың қабырғасында бізге 1-курстан бастап дәріс оқыған аялы ұстаздарымыз Бақтығұл Бірімжаров, Сайлау Сүлейменов, Ғаяз Кушаев, Марат Сырлыбаев, Ғаділше Айталиев, Ғинаятолла Қарабалин, Виктор Потлов, Қалима Абдрахманова, Сағидолла Елеуов, Мұқан Тұрғанбаев, т. б.хақындағы ой-толғаныстарымды ақжайықтық оқырманға ұсынған едім.

Одан бері де бізге универде арнаулы пәндерден сабақ берген профессор-оқытушыларымыз Хамида Қожабергенова, Әсет Тасмағамбетов, Амантұрлы Сүлейменов, Тұрар Шайхиев туралы жазылған шағын эсселеріммен фейсбуктағы достарым бек жақсы таныс.

Бүгінгі кейіпкеріміз де осы лектің ішінде. Алтынай Шұғайқызы сол жылдары А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих факультетінде білім алған студенттерге Ресей тарихы пәнінен  сабақ  берген.

Ұзын қолаң шашы бар орта бойлы талдырмаш келген қараторы қыздың әдепті жүріс-тұрысы, қарапайым болмысы әлі көз алдымызда. Артық ауыз сөзі жоқ, өз ісіне мұқият, шаруасына тастай, ұстаған жерінен шеңгелдеп айрылмайтын, еңбекқор, тіпті бейнетқор жан екені бірден байқалатын.

Иә, өткен жылдарға көз жүгіртсек, мына нәрсе ерекше ойға оралады. Біз 1-курстың студенті атанған кезде факультетте қазақ топтарына кейбір негізгі пәндер орыс тілінде жүретін. Қазақ тілді оқытушылардың жетіспеушілігі көрініп тұратын. Оның сыры тарих факультетіндегі қазақ тобының ашылғанына сол кезде бар болғаны екі-ақ жыл  болған  екен.

Сол жылдары (1991-1995) Орал қаласының күнделікті тыныс-тіршілігі орыстанған кент ретінде көзге ұрып тұратын. Сол тұста шаһардағы қарагөздердің саны 20 пайызға да жетпейтін. Ен қаладағы қазақ мектептерінің саны бар болғаны екеу-ақ: Дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты мен М. Өтемісов атындағы облыстық санаторлық мектеп-интернаты болатын.

Әсіресе ол біз сияқты қаймағы бұзылмаған Қаратөбе сияқты қазақы ауданнан келген қарадомалақтарға бірден байқалған. Мұның бәрін ұзын-шұбақ әңгіме қылып отыруымның себебі – сол тұста біздің факультеттің де біртіндеп қазақылануы басталды.

Жастары орда бұзар отыздың о жақ, бұ жағындағы, шетінен шиыршық атып тұрған өңкей жалынды жас оқытушылар Әсет Тасмағамбетов, Амантұрлы Сүлейменов, Ғинаятолла Қарабалин, Алтынай Журасовалармен факультеттің профессор-оқытушылар құрамы толыға түсті. Осылай ұлт деп жүрегі соққан алаштың аймаңдай интеллектуал жастарының жаңа плеядасы факультет өміріне ұлттық реңк бере бастады.

Осы жерде тарих тегершігін кері айналдырып, өткенге сәл шегініс жасайық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-ды тәмамдағаннан кейін алдымен Ж. Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінде ұстаздық еңбек жолын  бастайды.

Ақырын жүріп, анық басатын, жайлап жүріп, жалпағынан алатын алымды жас ұстаздың қабілеті сол кездегі тарих факультетінің дүр деканы Хамида Қожабергенованың құлағына тиіп, көп ұзамай ол универге оқытушылық қызметке  шақырылады.

Қатарынан қалуды өзіне арсанаған, алдына қойған мақсатына жетуде тынымсыз тер төгіп, биік межелерді бағындыруға келгенде өзіне тән өрлігі мен амбициясы бар жас маманның жоғарғы білім саласындағы карьерасы осылай басталған.

Біз студенттік жылдарда Алтынай Журасованың дәрісін тыңдаған мыңдаған шәкірттерінің бірі болсақ, бертін келе ол кісімен үзеңгілес, қанаттас, әріптес інісі ретінде қоян-қолтық еңбек еттік.

Керек болса, өзіміздің университеттің жас мұғалімдеріне арналған №7 жатақханасында бірге қоныс тептік. Жалындаған жастық шағымыздың куәгері болған сол бір ыстық ұяның бір есігінен кіріп, бір есігінен шықтық.

Институтқа А. Журасова педколледжден, мен сәл кейін педлицейден келгесін болар сол кездегі кафедра меңгерушілері екеуіміздің де оқу жүктемемізге «Тарихты оқыту  әдістемесі» пәнін бекіткен.

Аталмыш пәннен ұзақ жылдар дәріс оқып, семинар жүргізген білікті ұстаз бертін келе «Тарихты оқыту әдістемесі» пәнінен оқу құралын баспадан шығарып, кейін ол кең-байтақ еліміздің жоғары оқу орындарына тәжірибе ретінде  кеңінен  таралды.

Уақыт өте тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Зейітұлының ғылыми жетекшілігімен «Орал қаласының тарихы: әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму аспектілері (1946-2000 ж. ж.)» тақырыбында кандидаттық диссертация жазуға білек сыбана кірісіп, оны 2007 жылы сәтті қорғады.

Сөйтіп Алтынай Шұғайқызы қала тарихы туралы өңіріміздегі бірден-бір көрнекті маманға айналды. Осы қарқынын бәсеңдетпеген тарихшы-ғалым ғылыми-педагогикалық, шығармашылық қызметінің қызығына терең бойлап, 2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО үздік оқытушысы» атағына ие  болды.

Сайып келгенде 1 монография, 2 оқулық, 3 оқу құралы, 4 әдістемелік құрал, 40-тан астам мақала, оның ішінде шетелдік басылымдарда 3 мақаласы жарияланып, ғылыми-педагогикалық ортада таныла бастады.

Қандай жағдайда да асығып-аптықпайтын, асып-саспайтын, табиғатынан сабырлы да салмақты жан сар желіспен бәріне де үлгеретін қасиетке ие. Сол қалпымен ұстаздық еңбек жолында университет оқытушысы жетуі керек біраз биіктерді бағындырды.

Ғылыми-педагогикалық еңбек жолын әкімшілік қызметпен шебер ұштастырып, ұзақ жылдар Дүние жүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарса, 2024 жылдан бастап факультет деканы лауазымына ие болды. Атам қазақ: «Бар жақсы, жоқ жаман» дейді.

Өмірдің аты – өмір. Оның қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Соңғы жылдары апамыз аздап сырқаттанып қалғанымен оған мойымай, өзінің табандылығы мен қайсарлығының арқасында ұжымға қайтадан оралып, еңбекке  қызу  араласып кетті.

Сөйтіп, біліміне ақылы сай тарихшы-ғалым екі шылбыр бір тізгінді тең ұстап, өмірінің алтыншы белесіне өте әдемі  күйінде  жетіп отыр.

Алла Тағала әр адамның бойына әртүрлі қасиет, қабілет, мінез-құлық береді. Біз-діңше, бұл кісі өзіне не нәрсенің керек екенін алыстан аңғаратын, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін, керек кезде керек жерден табылатын суық ақылға ие.

Осындайда әйгілі француз ағартушысы Жан-Жак Руссоның «Ең көп білген адам емес, ең керектісін білген адам ақылды» деген тәмсілі ойға оралады. Мамандығы тарихшы болғанымен, оның сөзге сараң екені, өте аз сөйлеп, көп іс тындыратыны кешегі салтанатты жиынның қонақтары тарапынан жиі айтылды.

Алтынай Шұғайқызы жеке отбасылық өмірінде де бақытты жан. Қасиетті Қаратөбенің атпал азаматы Берік ағамыз екеуі бүгінгі таңда көзінің ағы мен қарасындай қос қызғалдағын тәрбиелеп отыр.

Кешегі күні әріптес апалары оның елге белгілі қарашаңырақтың сүйікті келіні екенін, ағайын-туғанының
арасында да бәсінің биік екеніне назар аударып, «Біздің Алтынай енесінің көңілін тапқан келін ғой» деп әңгіменің нүктесін қойды.

Түсінген жанға ұлттық санасы деформацияға ұшырамаған нәзікжанды әйелдер қауымы үшін бұдан артық баға, бұдан артық теңеу табу қиын шығар.

Жаңабек Жақсығалиев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале