Бәйтерек ауданында азаматтық даулар бойынша сот медиациясы рәсімі табысты іске асырылуда. Мәселен, өткен жылы қаралған 217 істің 108-і татуластыру рәсімдерін жүргізу және істерді сот талқылауына дайындау сатысында-ақ аяқталған. Олар негізінен шарттық міндеттемелер саласындағы даулар.

Бұл туралы аудандық сот төрағасы Әсел Мәженова мәлімдеді. Аудандық сот ғимаратында өткен брифингте айтылғандай, былтыр заңды маңызы бар деректерді анықтау бойынша 17 іс аяқталды. Олардың ішінде еңбек қызметі, әке болуды анықтау, туыстық қатынастар, құжаттардың тиесілілігі және т.б. деректер бар.
Өткен жыл ішінде сотқа түскен 262 талап арыздың 49-ы қайтарылды. Оған талапкердің дауды сотқа дейінгі немесе соттан тыс реттеу тәртібін сақтамауы, іс соттың қарауына жатпауы, талапкердің арызды қайтару туралы өтініш беруі себеп болған.
Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша былтыр 215 іс қаралды. Олар негізінен отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер жасауға (34 іс), мас күйінде көлік құралдарын басқаруға (37 іс), кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз айналысуға (44 іс), көші-қон заңнамасын бұзуға (7 іс) тиесілі. Құқық бұзушылық жасағандарға түрлі жазалау шаралары тағайындалады. Мысалы, 55 адам қамауға алынса, 113 жанға жалпы сомасы 18 964 659 теңгені құрайтын айыппұл салынды, 34 азамат көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды, 7 адамға ескерту беріліп, 3-уі ел аумағынан шығарылды.
–Былтыр аудандық сотпен 17 қылмыстық іс қаралды. Егер тарқатып айтар болсақ, олардың 3-уі – ұрлыққа, 6-уы – көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік мас күйінде көлік құралын басқарғанға, 2-уі – жүргізушінің жол ережелерін бұзуына, абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруіне, 1-уі – лауазымды адамға пара беруге қатысты. Жалпы бас бостандығынан айыру түрінде жаза 12, бас бостандығын шектеу 3, жалпы сомасы 147 680 теңгеге көлеміндегі айыппұл 1 адамға тағайындалды. Жәбірленушілерге арналған өтемақы қорына 937 840 теңге өндірілді, - деді Әсел Ерсенқызы.
Аудандық сот қазіргі уақытта барлық істі электрондық форматта қабылдайтынын және қарайтынын, автоматтандырылған электрондық құжат айналымы 100%-ға жеткенін де айта кетейік.
Брифинг барысында сот ісін жүргізуде мемлекеттік тіл қолданысын нығайту мен дамыту бойынша іс-шаралар жүргізіп жатқаны да айтылды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы