Шыңғырлау ауданы әкімдігінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жобалық кеңсе отырысы өтті. Кеңсе отырысын аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев өзі жүргізіп, аудан аумағында 2023-2024 жылдар бойынша аталған бағдарлама аясындағы жұмыстар есебі тыңдалды.

Осы жылдар аясында «Ауыл аманаты» бойынша ауданда 99 жоба қаржыландырылып, жалпы несие көлемі 684,5 млн. теңгені құраған. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 75 жоба жүзеге асырылып, 492,4 млн. тг несие берілген. Өсімдік шаруашылығы бағытында 4 жоба орындалып, оған 23,6 млн тг бөлінген. Құс шаруашылығы бойынша 5 жобаға 39,7 млн. теңге, техника және ауылшаруашылығы құрал- жабдықтарын сатып алуға 11 жобаға 91,4 млн. тг және басқа бағыттар бойынша 5 жобаға 37,5 млн. теңге несиемен қаржыландырылған.

Аудан тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың тұрмыстық- әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы бұл жобаларды қаржыландыру «Aqjaiyq» Әлеуметтік корпарациясының жеңілдетілген несиелері арқылы жүргізіліп отыр.
Бағдарлама аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 580 бас ірі қара мал, 1015 қой, 157 бас тауарлы -сүтті аналақ мал басы, 4430 бас қаз сатып алынған. Аталған көрсеткіштер аудан көлемінде мал шаруашылығы мен құс бағытындағы кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізген. Ауылдық округтер арасында аталған 2 жыл бойына Шыңғырлау ауылдық округі жоғары белсенділік көрсетіп отырған, ал Алмаз, Ардақ, Қарағаш және Ақтау округтеріндегі бағдарламаға қатысу деңгейі төмен. Мысалы, 2023 жылы Ақтау ауылдық округі мүлдем қатыспаған, 2024 жылы тек 2 жобамен ғана шектелген.
2025 жылы бағдарлама аясында 13 өтінім (жалпы сомасы 154 млн, 450 мың тг) тапсырылған, соның 7- уі 57 млн.157 мыңға қаржыландырылған. Бұл өтінімдер құс шаруашылығын дамыту, балық өсіру, өсімдік шаруашылығы, жазғы демалыс орнын ашу мен құрал- жабыдықтар алу бағыттарын ұстанып отыр. Аталған жыл бойынша бағдарламаға Ақтау мен Ақбұлақ округтері мүлдем қатыспай отыр.
Екі жылды есепке алғанда «Ауыл аманаты» бойынша 108 жұмыс орындары ашылған, оның 77- сі 2023 жылы, 25-сі 2024 жылы, 6- уы 2025 жылы жүзеге асқан.

Аудан басшысы Мұрат Амангелдіұлы аталмыш бағдарламаның тұрғындар арасында, әсіресе ауылда тұратын халық арасында белсенді жүргізілуі қажет екенін айтып, бағдырламаға қатыспай отырған округ басшыларын сынға алды және алдағы уақытта халықтың тұрмыс- тіршілігін жақсарту бағытындағы мемлекеттік қолдаулар мен бағдарламалар бойынша белсенді және тиянақты жұмыс жасау керектігін шегелеп, тапсырмалар берді.
Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы