Бүгін Жаңақала мектеп-гимназиясында Дүниежүзілік сайлау күніне орай Жаңақала аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен қазақ тілінде танымдық QUIZ байқауы өтті.
Іс-шараның ашылуында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Бақтыгереев құттықтау сөз сөйлеп, сайлаудың демократиялық қоғамдағы орны мен азаматтардың саяси мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ шараға “Жас сайлаушылар” клубының төрағасы Тілек Бақтығалиев қатысып, қатысушыларға ақжарма тілегін білдірді.
Зияткерлік сайысқа әр сала өкілдерінен құралған 5 команда қатысты. Олар сайлау заңнамасы, азаматтық құқықтар мен қоғамдық белсенділікке қатысты сұрақтар бойынша өзара бақ сынады.

Байқау тартысты әрі мазмұнды өтіп, қатысушылар жоғары дайындықтарын көрсетті.
Қорытындысында І орынды әлеуметтік сала қызметкерлерінен құралған «Болашақ таңдауы» командасы иеленсе, ІІ орын мәдениет саласы қызметкерлерінен құралған «МИКС» командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Жаңақала ЖОББМ командасы жеңіп алды.
Шараның негізгі мақсаты – жастар мен сала қызметкерлері арасында сайлау туралы білімді арттыру, азаматтық жауапкершілік пен белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыру. Осындай танымдық іс-шаралар қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуға өз үлесін қосады.
Сыйлыхан Талапұлы
Жаңақала ауданы