30.01.2026, 11:30
Оқылды: 61

Сұйылтылған газ неге тапшы?

Жыл басталысымен өңірдегі кәсібін бастаған кейбір жеке кәсіпкерлер  сұйылтылған газ тапшылығына, соның ішінде өздеріне әлеуметтік газ бөлінбей қалғаны туралы дабыл қаға бастады. Бір топ кәсіпкер әлеуметтік газдың жетпей жатқанына шағым айтып, кәсіпкерлер палатасына шағымданған.  Аталған палатаның энергетика, көлік кеңесінің отырысында кәсіпкер, «КриогенГазСервис» ЖШС-ның директоры Мұрат Тұқышевтың газ тапшылығына байланысты түскен шағымхаты қаралып, зерделенді. 

газ неге жетпейді (1)

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Өтешеваның айтуынша, мұндай газ жетіспеушілігі тек біздің өңірде орын алып отырған жоқ. Бұл жағдай 2025 жылдың тамыз айында сұйылтылған газ бөлу ережесіне енгізілген өзгерістерден кейін көптеген өңірде  пайда болған.

Э Утешева1 (1)

Өзгерістерге сәйкес сұйылтылған газды бөлу әдістемесі бойынша кәсіпорынға теміржол көлігімен тиеп-жөнелткен кезде 18 тоннадан және аутомобиль көлігімен тиеп-жөнелткен кезде 20 тоннадан кем болса, онда мұндай өтінім берушіге сұйылтылған мұнай газы бөлінбейді. Шағымданушының хаты палатаның орталық аппаратына жолданды», – деді Э. Өтешева.

– «КриогенГазСервис» компаниясы облыс аумағында  15 жылдан бері қызмет етеді. Біздің компания техникалық газ түрлерін (оттегі, азот, аргон, газ түріндегі көмірқышқыл газы, дәнекерлеу жұмыстарына қажетті газ қоспалары) өндіреді және баллондағы пропан газын жеткізу қызметін көрсетеді. «ҚПО б. в.»  компаниясының  мердігерлерімен, «Жайық Мұнай», «Сичим» секілді өңірдегі ірі кен игерушілермен және Атыраудағы «ТенгизШевройл» компаниясының тапсырыстарын орындаймыз.

Соңғы кездері сұйылтылған газ және пропан жетіспеушілігіне тап болдық. Басында әлеуметтік газ бөлу көлемі  – 100, одан кейін, 75, 55, 30, 25, ең соңында 20 тоннаға дейін төмендеді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы бөлетін газ көлемі біздің  сұранысымызды өтемейді. Енді биылғы қаңтар айынан бастап біздің серіктестікке бөлінетін лимитті мүлдем есептен шығарды», – деді Мұрат Тұқышев.

Кәсіпкер 2024 жылдың желтоқсанында компанияның пропан жеткізу туралы кен игеруші серіктестерімен келісімшарт жасағанын айтады. Енді лимиттің жойылуына байланысты келісімшарт талаптарын орындау мүмкін емес. Келісімшарттағы міндеттемесін орындамаған «КриогенГазСервис» серіктестігіне «қара тізімге» ену қаупі төнуде. Сондай-ақ жергілікті компанияның Оралда, Ақсай қалаларында, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарының орталықтарында  жабдықталған газ құю бекеттері орналасқан. Айтылған аудандарда басқа газ құю бекеттері атымен жоқ. Сонымен қатар бірқатар аудандардағы ауруханаларды газбен, оттегімен қамтиды. Адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында қызмет ететін ауруханалар газсыз қалып отыр. Одан басқа сұйылтылған газ бен пропанның жетіспеушілігі кесірінен компания Оралдағы жылу электр орталығын («Жайықжылуқуат» АҚ)  және Орал қаласын сумен қамтитын «Батыс су арнасы» ЖШС алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмауы ықтимал.  Мұның өзі қақаған қыста коммуналдық кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға соқтыруы мүмкін.

Жиынға онлайн режімде қатысқан «Атамекен» ҰКП-ның мұнай-газ саласы депатартаментінің сарапшысы Әсия Қарыпсейітова БҚО кәсіпкерлер палатасынан сұйылтылған газ жетіспейтіні туралы қатынас хаттың түскенін, тиісті мемлекеттік құрылымдарға жолданғанын тілге тиек етті. «Сұйылтылған газды жергілікті атқарушы құрылымдар бөледі. Тапсырыстар көлемін солар анықтайды», – деді сарапшы.

Сұйылтылған газ көлемін бөлумен айналысатын облыстық энергетика және тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бейімбет Мусин аталған мәселеге қатысты түсінік берді. «2012 жылғы 9 қаңтардағы №532 заң  Қазақстан Республикасында газ және газбен жабдықтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды және еліміздің  газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерінің нысандарын тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасауға бағытталған. Осы заңға және сұйылтылған газ көлемдерін бөлу ережесіне сәйкес арнайы комиссия жұмыс істейді. «Криоген ГазСервис» компаниясының бірнеше ауданда инфрақұрылымы, жабдықтары бар. 2026 жылы компания І тоқсанға 300 тонна сұйылтылған газ бөлуге тапсырыс берді. Ал алдындағы үш ай бойынша 44 тонна газ алып өткізген. Газды бөлу тәртібі бойынша өңірімізге 10 мың 344 тонна, соның ішінде қаңтар айына 3 мың 555 тонна, ақпанға 3 мың 344 тонна, наурыз айына 3 мың 455 тонна қарастырылды. Бірінші тоқсанға 13 субъекті газға тапсырыс берді. Екі субъектінің тапсырыс көлемі 20 тоннадан төмен болды. Соның бірі – «КриогенГазСервис» компаниясы. 2025 жылдың 10 тамызында сұйылтылған газды бөлу ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістерге сәйкес бұл компанияның нарықта өткізген сұйылтылған газ көлемі  20 тоннаға жетпей тұр. Бұдан да басқа 12 компания да осындай жағдайға тап болды.   Өңірге бөлінетін газ көлемі  – 3,5 мың тонна,  оны ірі компанияларға бөлгенде қалатын көлем қалғандарына жетпейді. Осындай себептерден «КриогенГазСервис» ЖШС да сұйылтылған газдан тапшылық көруде», – деген Б. Мусин алдағы уақытта облысқа 6 мың тоннаға жуық сұйылтылған газ бөлу қарастырылатынын айтты.

WhatsApp Image 2026-01-30 at 12.27.47

Мәселені жан-жақты талқылаған жиынға қатысушылар теміржол көлігімен тиеп-жөнелткен кезде 18 тоннадан және  аутомобиль көлігімен тиеп-жөнелткен кезде 20 тоннадан кем сұйылтылған газ бөлмеу туралы шектеуді алып тастау қажет деп тапты. Э. Өтешеваның айтуына қарағанда, жаңа өзгерістер шағын кәсіпкерліктерге «салқынын» тигізуде. Кейбір жеке кәсіпкерліктер несие алып, газ құю бекеттерін салған. Қазіргі газ тапшылығы жағдайында олардың жұмыстары тұралап, «шықпа жаным, шықпамен» отыр.   Мысалға, шалғайдағы Қаратөбе, Жаңақала, Теректі аудандары мен Сырым ауданының орталығы Жымпитыда газ тапшы. Бөкей ордасы ауданында тасымалданған сұйылтылған газ ән сағатта таусылады. Ал облыс орталығында көпшілік сұйылтылған мұнай газы үшін ұзақ-сонар кезекке тұрады. «Біз бұл түйткілді мәселені республикалық тізілімге жазамыз», – деді Эльмира Өтешева. Республикалық кәсіпкерлік палатаның орталық аппараты өкілі Энергетика министрлігіне өңірден түскен ұсыныстарды жазып, мәселе көтеріп, тиісті ережеге өзгерістерді енгізумен жұмыстанатындарын жеткізді. Сонымен қатар аталған басқарма «КриогенГазСервис» ЖШС өкіліне әлеуметтік газ бөлу әдістемесі бойынша компанияның газ өткізгені туралы есептерін қарап, мәселені анықтамақ. Қалай болғанда да,  әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсат кен орындарының бірінің үстінде отырған біздің өңірге газ тапшылығын көру көңілге қонбайды.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале