Бүгін Бөрлі ауданындағы мәдениет үйінде «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтті. Акцияның мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы әлеуметтік шиеленісті жою, мәселелерді шешу және тегін заң көмегін көрсету.

Халық заңгері – бұл мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер мен адвокаттар халықты қабылдап, тегін заңгерлік көмек көрсететін іс-шара.
Тұрғындар сот, құқық қорғау, қадағалау органдарының қызметкерлері, сот орындаушылары, нотариустар және аудан, қала әкімдігінің, сондай-ақ аудан, қала әкімдігі бөлімдерінің өкілдерінен кеңес алды.

Өзін Бектас Жұмағалиев деп таныстырған жас маман, ауылда өзі тұрып жатқан үйдің, яғни тұрғын үй мәселесімен келген екен. «Сауалым бойынша жауапты бөлімдерден нақты жауабымды алдым, қуаныштымын», - дейді.
Сарапшылар тұрғындардың неке-отбасы, мұрагерлік, тұрғын үй, еңбек, азаматтық құқық, сот шешімдерін орындау, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, несие, жол құрылыстары, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық және тағы басқа салаларға қатысты көптеген сұрақтарына жауап берді.

Аталған акция аясында 15-тей аудан тұрғындары тегін құқықтық көмек алды.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы