30.01.2026, 21:00
Оқылды: 7

Заңгерге жол ашық

Сырым ауданында «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясы аясында тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетілді. Акция барысында заңгерлер мен мемлекеттік орган өкілдері халықпен жүздесіп, жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.

IMG_7859

Бұл күні заңдық кеңеске мұқтаж азаматтар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, нақты әрі тұшымды жауап алды. Өйткені заңды білу – тек құқық қорғау органдары мен заңгерлердің ғана емес, барша халықтың ортақ міндеті.

Қабылдауға прокуратура, сот, нотариус, адвокат мамандары, сондай-ақ аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық дербес бөлімдердің басшылары қатысып, тұрғындардың әрбір өтінішін жіті қарады. Заңдық көмекке қолы жете бермейтін азаматтар үшін бұл акция үлкен мүмкіндікке айналды.

IMG_7882

Сырым ауданының прокуроры Ершат Қамбетовтің айтуынша, шараның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауатын арттыру және тұрғындарды жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау саласының мамандарымен тікелей жүздестіру.

– Бүгін Сырым ауданында заң мен тәртіпті нығайту мақсатында «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында аудан тұрғындарын жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары, адвокаттар, нотариустар, сот орындаушыларымен бірге қабылдап, жеке мәселелері бойынша кеңес берді. Мемлекеттік органдар азаматтардың көтерген мәселелерін жедел түрде шешуге күш салуда. Бұл әлеуметтік акция жылына екі рет, яғни әр алты ай сайын өткізіліп келеді, – деді ол.

IMG_7892

Акция халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың өз мәселесін заң аясында шешуіне жол ашып келеді.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале