Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ел үшін туған ер еді» атты халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтысқа Қазақстанның бірнеше өңірінен және Қырғызстан Республикасынан келген барлығы 12 ақын қатысты.

Дүбірлі додаға Қырғызстаннан келген ақындармен қатар Павлодар, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан, Шымкент қаласынан және жергілікті ақындар жиналды. Ақындар ел тарихында ерекше орын алған Мұстақым Ықсановтың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін жырға қосты.

Айтыстың қазылар алқасына танымал айтыс ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық етті. Қазылар ақындардың суырыпсалмалық қабілетін, ой ұтқырлығын және тақырыпты ашу деңгейін бағалады.

Нәтижесінде айтыстың бас жүлдесі батысқазақстандық ақын Жансая Мусина мен солтүстікқазақстандық ақын Аспанбек Шұғатайға берілді. Сонымен қатар I, II, III орындар және арнайы сыйлықтар тағайындалып, айтысқа қатысқан барлық ақындар жүлдемен марапатталды.

Халықаралық деңгейде өткен айтыс көрерменнің қызығушылығын тудырып, мазмұнды да тартысты өтті.
Бекзат Қанәділ,
Фотоға түсірген автор
zhaikpress.kz
