30.01.2026, 19:30
Оқылды: 87

Сайлау – демократияның айнасы

Жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісінде әлем елдерінде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке 2005 жылы Будапешт қаласында өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында белгіленіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауына ие болды. Атаулы күнді атап өтудегі мақсат – азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге қоғам назарын аудару және сайлау үдерістерін жетілдіру. Биыл Дүниежүзілік сайлау күні 5 ақпанға сәйкес келіп отыр. Атаулы дата қарсаңында Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишевамен сұхбаттасып, ауданда атқарылған жұмыстармен танысқан болатынбыз.

image-30-01-26-06-21-2

 

- Динара Құрманғалиқызы, санаулы күндерден кейін «Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтпек. Бұл азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды күн. Осыған орай елдегі саяси жүйеде жоспарланып отырған реформалар мен күні кеше ғана Құрылтайда көтерілген бастамалар сайлау жүйесіне қалай әсер етеді? Осыған тоқталып өтсеңіз.
– Құрылтайда саяси реформалардың негізгі бағыттары, яғни Конституциялық нормаларды жетілдіру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту және азаматтардың саяси қатысуын кеңейту мәселелері көтерілді. Ұсынылған өзгерістер референдум өткізу рәсімдерін нақтылауға, ашықтық пен заңдылықты арттыруға бағытталып отыр. Сонымен қатар, сайлау жүйесін жаңғырту арқылы дауыс беру процесінің әділдігі мен сенімділігін қамтамасыз ету көзделеді. Бұл бастамалар сайлау органдарының жұмысын жетілдіруге және азаматтардың өз еркін білдіру мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді. Ұлттық құрылтайда жарияланған саяси реформалар – халықтың қатысуын кеңейту, басқару жүйесін жетілдіру және цифрландыру бағытындағы бастамалар осы үрдісті одан әрі дамытуға негіз болары сөзсіз. Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында бұл қадамдар халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, Қазақстанның тұрақты дамуына жаңа серпін береді деп сенемін.
- Жалпы ауданымыздағы сайлау жүйесінің жұмысы туралы айтып өтсеңіз. Қанша сайлау комиссиясы тіркелген және олардың кәсібилігін арттыру бағытында қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– Тасқала ауданы бойынша барлығы 35 сайлау комиссиясы болса, оның ішінде 126 комиссия мүшесін құрайтын 22 учаскелік және 60 адамнан тұратын 12 округтік сайлау комиссиясы жұмыс жасайды. Аумақтық сайлау комиссиясы 7 мүшеден тұрады. Комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары және хатшысы тұрақты кәсіби негізде қызмет атқарады. Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Осы мақсатта жүйелі түрде оқу семинарлары өткізіліп тұрады. Семинар барысында сайлау процесін ұйымдастыру, дауыс беруге арналған үй-жайларды талапқа сай жабдықтау, байқаушылармен жұмыс жүргізу, сондай-ақ сайлау күні учаскелік сайлау комиссияларының нақты жұмыс алгоритмдері мен практикалық кейстер кеңінен қарастырылады.
- Сайлаушыларды ақпараттандыру жұмысы қалай ұйымдастырылады? Бұл бағытта цифрландыру технологиялары қаншалықты қолданылады?
– Соңғы екі жылдағы мәліметтерге тоқталсақ, ауылдық округ әкімдерінің сайлауына қатысты 289 ақпараттық материал жарияланды. Оның ішінде 118 материал аудан әкімдігінің ресми сайтында, 89 мақала мен хабарлама аудандық «Екпін» газетінде, ал 82 материал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының Facebook парақшаларында жарық көрді. Сайлау туралы ақпаратты халыққа жеткізу мақсатында елді мекендерде билбортар орнатылып, учаскелік сайлау комиссиясы төрағаларының үндеулері әлеуметтік желілер арқылы таратылды. Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап сайлаушылар кандидаттар туралы мәліметтермен шақыру қағазында орналастырылған QR-код арқылы танысу мүмкіндігіне ие болды. Аудан әкімдігінің ресми сайтында ауданның сайлау жүйесі мен өткізілген сайлау науқандары туралы өзекті ақпараттар тұрақты түрде жаңартылып отырады. Республикалық деңгейде өткізілетін сайлау науқандары кезінде сайлаушылар өздерінің дауыс беру учаскелерін Telegram мессенджері арқылы анықтай алады, ал сайлау учаскелері бойынша жеке деректерді нақтылау үшін Call-орталық қызметі қолжетімді. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық аудиожазбалар таратылады.
- Аудан көлемінде сайлаушылардың сайлау мәдениетін қалыптастыру және белсенділігін арттыру мақсатында қандай шаралар өткізіліп келеді?
– Аудан бойынша азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау жүйесіне қоғам назарын аудару бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, барлық жалпы білім беретін мектептерде жоғары сынып оқушылары арасында Дүниежүзілік сайлау күні және Қазақстан Республикасының сайлау тарихы тақырыптарында учаскелік сайлау комиссиялары төрағаларының қатысуымен тәрбие сағаттары өткізілді. Сондай-ақ, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде кітап көрмелері, тақырыптық кездесулер мен ақпараттық сағаттар ұйымдастырылды. «Ашық есік» акциясы аясында қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен сайлау жүйесінің ардагерлері сайлау комиссиясының қызметімен және соңғы өзгерістермен танысты. Дөңгелек үстелдер барысында саяси партия өкілдері, комиссия мүшелері, сайлау жүйесінің ардагерлері, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосып, өзекті мәселелерді талқылады. Одан бөлек, әр ауылдық округте өткен әкімі сайлауы науқанының алдында Батыс Қазақстан облысының АСК төрағасы Ә.Жоламанов жергілікті қауымдастықпен кездесулері өтуде. Бұл үрдіс бізде әр сайлау сайын ұйымдастырылып отырады. Алдымен үміткерлер арасында дебат ұйымдастырылып, ол БҚО аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы көрсетіледі. Қазіргі таңда халықта оған үйренген. Олар дебатқа қатысып, әр үміткерге өздеріне толғандырып жүрген сауалдарын қойып, олардың сайлауалды бағдарламаларымен танысады. Бұл да сайлауға деген белсенділікті арттыруға қосқан бірден-бір үлес деп есептеймін.
- Ауданда жас сайлаушылар клубы құрылып, жұмыс істеуде. Олардың белсенділігіне тоқталып өтсеңіз.
– 2023 жылы ауданымызда жастардың сайлау процесіне қызығушылығын арттыру, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық сананы дамыту мақсатында «Жас сайлаушы клубы» құрылған болатын. Клуб мүшелерінің ұйымдастыруымен жастар арасында түрлі тақырыптық конкурстар, QUIZ форматындағы зияткерлік сайыстар өткізіліп келеді. Бұл шаралар жас сайлаушылардың сайлау мәдениетін арттыруға, сайлау құқықтарын түсіндірудің заманауи тәсілдерін қалыптастыруға және жастардың сайлау процесіне белсенді қатысуына ықпал етуде. 2024 жылдан бері ауданымызда жыл сайын мектеп президенті сайлауы ерекше форматта өткізіліп келеді. Сайлау күні мектептерде нақты сайлау процесіне ұқсас жағдай жасалып, дауыс беру учаскелері жабдықталады, кабиналар орнатылып, бюллетеньдер әзірленеді. Мектеп парламенті негізінде құрылған комиссия мүшелері сайлау процесін толық ұйымдастырады. Республикасы күні қарсаңында 2025 жылы сайланған мектеп парламенті президенттерімен кездесу ұйымдастырылып, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мен аудандық білім беру бөлімі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

- Сіздің ойыңызша, қоғамда сайлау жүйесіне деген сенім қалыптасып келе ме?
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Соның ішінде сайлау жүйесін жетілдіру ерекше назарда тұр. Бүгінде елімізде: Президент сайлауы, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өткізіледі. Бұл тәжірибе халықтың саяси мәдениетін арттырып, демократиялық құндылықтарды нығайтты. Әсіресе, ауыл әкімдерін тікелей сайлау – жергілікті басқарудағы халықтың рөлін күшейткен маңызды қадам. Сайлау арқылы халық өзінің еркін білдіреді, билікті қалыптастыруға қатысады және елдің болашағына ықпал етеді. Қазіргі таңда аудандық «Екпін» газетінде халықтың сенім артып сайлаған әкімдерінің атқарған жұмыстарының оң нәтижесі жарық көруде. Бұл да қуантарлық жағдай. Қорыта айтқанда, елімізде сайлау институтына деген қоғамдық сенім артып, азаматтардың белсенділігі күшейіп келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша сайлаушыларды Дүниежүзілік сайлаушылар күнімен шын жүректен құттықтап, ел болашағы жолындағы әрбір саналы таңдау маңызды екенін атап өткім келеді.
Уақыт бөліп, құнды ақпаратармен бөліскеніңізге рахмет

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале