АҚШ-тың Юта штатындағы Солт-Лейк-Сити қаласында өткен шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем шемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды. Ел қоржынына командалық эстафетада қола салған құрама сапында оралдық Гүлдана Жалмұхан болды.

3000 метрге жарысқан қыздар командасында Гүлдана Жалмұханмен бірге Полина Омельчук, Нұрия Алпысбай және Анастасия Галечина өнер көрсетті. Бұл жетістік – жас спортшылардың табанды дайындығы мен бірлігінің айқын көрінісі.
Гүлдана Жалмұхан – қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорттық жетілдіру тобының үздік спортшыларының бірі. 2006 жылы дүниеге келген ол бала кезінен белсенділігімен, сабырлылығымен және еңбекқорлығымен ерекшеленді. Ұзақ жылдар бойы әскери салада қызмет атқарған ата-анасы Талант және Светлана Жалмұхановтар кіші қызының спорттық жолына әрдайым қолдау көрсетіп келеді.
Гүлдана 2015 жылы Мұз спорт сарайы жанындағы облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шорт-трек бөліміне қабылданған. Осы спорт түріне біржола бет бұрған қаршадай қыздың қабілетін ерте танып, кәсіби спорт жолына бағыт берген жаттықтырушысы – Данабек Хайров. Жастайынан жүйелі жаттығу мен тынымсыз еңбектің арқасында Гүлдана биік белестерді бағындырып келеді.
Білім мен спортты қатар ұстанған Гүлдана №36 жалпы орта білім беретін мектепте оқып, кейін Олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне түсті. 2023 жылы аталған оқу орнын тәмамдады. Қазіргі таңда ол Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алуда.
Гүлдана Жалмұхан – шорт-тректен Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, әлем кубоктары мен әлем чемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп жүр. Оның жетістіктері табандылық пен жүйелі еңбектің жарқын үлгісі.
Болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшы алдағы уақытта да Қазақстан спортының мерейін үстем етіп, жаңа асуларды бағындырады деген сенім мол.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»