БҚО-да "Үлгілі жаяу жүргінші" акциясы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сурет: Polisia.kz
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыру мақсатында БҚО ПД әкімшілік полиция қызметкерлері "Орал жастары" еріктілер тобымен бірлесе "Үлгілі жаяу жүргінші" атты акция ұйымдастырды. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін Орал қаласында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 15 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Статистика көрсеткендей, бұл жағдайлардың басым бөлігі жаяу жүргіншілердің өздері тарапынан жіберілген тәртіп бұзушылықтардың салдары. Атап айтқанда, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, гаджеттерге алаңдау және бағдаршам сигналдарын елемеу — негізгі себептер қатарында. Осыған сәйкес полицейлер қала көшелері мен адам көп шоғырланатын орындарда жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау маңыздылығын түсіндіре отырып, жол ережелерін қатаң сақтап, арнайы жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп, өзгеге үлгі болған жүргіншілерге алғыс хаттар табыстап, жаяу жүргіншілер жадынамасын таратты. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау – жай ғана талап емес, әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі екенін еске салады.