4.02.2026, 16:45
Оқылды: 13

Ақсайда биатлоннан аудандық турнир өтті

Жақында «Бөрлі Қазбат» қоғамдық бірлестігінің алғашқы төрағасы Нұрбек Құттымбетовты еске алуға арналған және Қазақстан әскерінің Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толуына орай биатлоннан жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер арасында аудандық турнир өтті. Аталған жарысқа 10 команда, 60-тан астам спортшы қатысты.

Бөрлі Қазбат (3)

Жарысқа қатысқан командалар қатарында Ақсай қаласының №3, №4, №5, №8 ЖОББМ-тері, Бөрлі №1 ЖОББМ және Достық, Қанай, Приурал, Қарағанды, Кеңтүбек ауылдық округ командалары бар.

Турнирдің ашылу салтанатына аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы И.Қарабаев, «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің директоры Б.Мухтубаев, аудандық шаңғы биатлон федерациясының президенті Ә.Сарсенбаев, Тәжік-Ауған шекарасының ардагерлері А.Жандалиев, А.Сембиев, А.Таниев, У.Саинов, С.Тауов, В.Бедников, Ауған соғысының ардагері Қ.Шарипбаев қатысты. Ашылу салтанатында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Тастемірұлы, Тәжік-Ауған шекарасының ардагерлері Альберт Мақсотұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бөрлі Қазбат (5)

Жарыстың қорытындысы бойынша 14 жастан кіші ұлдар мен қыздар арасында Андрей Пирог (№3 ЖОББМ) пен Саида Тудахунова (№3 ЖОББМ), 15-17 жас ерекшелігіндегі ұлдар мен қыздар арасында Арын Тажибаев (№3 ЖОББМ) пен Айя Мамишова (№3 ЖОББМ), 18-34 жас ерекшелігіндегі ерлер мен әйелдер арасында Алдияр Исаев  (№3 ЖОББМ) пен Азалия Сафиевалар (№3 ЖББМ) жеңіс тұғырынан көрінді.

Ал 35-49 жас ерекшелігіндегі ерлер мен әйелдер арасында Павел Казанцев (Приурал а/о) пен Е.Кенженова (№3 ЖОББМ), 50 жастан жоғары ерлер мен әйелдер арасында Боранбай Егенбетов (Приурал а/о) пен Ақалқа Баймұқановалар (Приурал а/о) жеңіске жетті.

Бөрлі Қазбат (2)

Жалпы командалық есепте 288 ұпай жинаған Ақсай қаласының №3 ЖОББМ-і қарсыластарын жеңіп, І орынға ие болды. 166 ұпай жинаған Бөрлі №1 ЖОББМ-і ІІ орын, ал 124 ұпаймен ІІІ орынға Приурал ауылдық округ командасы ие болып, марапатталды.

Сонымен қатар жалпы командалық есепте І орын алған №3 ЖОББМ командасына Тәжік-Ауған шекарасы ардагерлерінің атынан пневматикалық мылтық табысталды.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале