Бөкей ордасы аудандық мәслихаттың әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, білім беру, отбасы, балалар мен аналар, экология жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Мәслихат депутаты Асылбек Нұралиевтің төрағалығымен өткен жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжанов, халық қалаулылары, түрлі мекеме басшылары онлайн және офлайн форматта қатысты.

Күн тәртібіне сай халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және оңалту шаралары туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәурен Дәуленов баяндады. Оның айтуынша күні бүгінде аудан бойынша 82 отбасыға АӘК тағайындалып, былтырғы жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушылар қатары 19 жанұяға азайған.

Биыл ақылы қоғамдық жұмыстарға 100 адамды тарту жоспарлануда. Бұл туралы жергілікті Мансап орталығының директоры Исатай Оз мәлімдеді. Орталық басшысының айтуынша былтырғы жылы 577 жұмыссыз тіркелсе, әр тоқсан сайын ұйымдастырылған бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің арқасында 503 адам екі қолға бір күрек тапты.

Әлеуметтік әмиян жүйесі іске қосылғаны туралы аудандық аурухананың басшысы Әнуар Сапаров айтып берді. Яғни, бұл жаңашылдық қағазбастылықтың азайып, берілетін дәрілік препараттарды қағаз рецептісіз ыңғайлы әрі жылдам алу мүмкіндігін ұсынады. Өкінішке қарай ауданда жыл сайын онкологиялық дертке шалдыққан науқас саны көбеймесе, азаймай тұр. Күні бүгінде онкопатологиясы бар 122 адам есепке алынған.
Арайлым Маратқызы
Бөкей ордасы ауданы