Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев және аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағат Нұрмұханбетовпен бірге Ақпәтер ауылдық округіне барып, мал қыстату науқанының барысын тексерді.

Жұмыс жоспарына сәйкес аудан басшысы округ аумағындағы «Арнұр», «Шұғыла», «Сайлаубай», «Ерғай», «Нұрбол», «АгроKZ», «Үміт», «Бақытжан», «Нұрсұлтан», «Байбақты Сүгір», «Қамқор», «Қанат», «Байназар Б», «Данияр», «Талиғат», «Жасұлан», «Перизат», «Асхат», «ЕрҚожа» шаруа қожалықтарының қыстақтарын аралап, жалпы саны 19 қыстақтың жағдайын көзбен көрді.

Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Төлеген Сүйіншқалиевтің мәліметінше, бүгінде округ бойынша қыстаққа 8 676 ірі қара, 20 000 қой, 342 ешкі және 2 221 жылқы кіргізілген. Мал азығы қоры жеткілікті деңгейде дайындалған. Бірқатар шаруашылықтарда жылқы түлігі тұрып қалған. Осыған байланысты жем-шөппен қамтамасыз ету жұмыстары күшейтіліп, қажетті қор жеткізу және малды аман сақтау бағытында шаралар қабылдануда.

Шаруалармен жүздесу барысында аудан әкімі қыстақтың өту барысын, жем-шөппен қамту, мал шығынын болдырмау, ветеринарлық қауіпсіздік және мал шаруашылығын одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Жагор қыстағындағы «Данияр» шаруа қожалығының жетекшісі Талғар Қоржымбаев қыстақтың қалыпты өтіп жатқанын жеткізді.
— 2008 жылы қожалықты құрдым. Қазіргі таңда қыстаққа 260 бас ірі қара, 800 бас қой кіріп отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында «Күміс жас» бағдарламасы бойынша бір жұмысшы еңбек етуде. Жуырда лизинг арқылы техника алу үшін өтінім бердім, алдағы уақытта шаруашылыққа қажетті техникаларды алуды жоспарлап отырмын. Қыстақ науқаны қалыпты өтуде. Жалпы, қыстан малды аман алып шығу үшін әр түліктің азықтық нормасын алдын ала есептеп, шөп пен жемнің жеткілікті қорын дайындап қою қажет, — деді шаруа.

— Бүгінде округтерде қажетті шөп қоры жасақталған, қыстақтардағы жағдай тұрақты бақылауда. Ауа райының қолайсыз кезеңдеріне қарамастан, мал шығынын болдырмау үшін ұйымдастыру жұмыстары күшейтіліп, шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қыстақ науқанын қалыпты аяқтау бағытындағы жұмыстар жалғасады, — деген аудан әкімі сала басшыларына жем-шөп қорының жеткіліктілігін тұрақты бақылауда ұстау, ветеринарлық қызмет сапасын күшейту, мемлекеттік қолдау тетіктерін шаруаларға кеңінен түсіндіру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
