Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов және аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев №2 Казталов аудандық ауруханасына барып, жаңадан алынған заманауи құрылғылардың жұмысымен танысты.

Аурухана директоры Надежда Васильева мекемеде жүргізіліп жатқан ағымдағы жұмыстар туралы баяндап, соңғы уақытта алынған жаңа медициналық аппараттардың мүмкіндіктері мен оларды күнделікті тәжірибеде қолдану барысын жан-жақты таныстырды. Аталған құрылғылар диагностиканың дәлдігін арттырып, науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Аудан әкімі медициналық қызметкерлердің жаңа аппараттармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету мәселелеріне баса мән беру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен нығайту алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
— Тұрғындардың денсаулығын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ауылдық елді мекендерде халықты тұрақтандыру үшін медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру аса маңызды. Ауданымызға білікті мамандар тартылып, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қос ауруханаға да жаңа медициналық аппараттар алынды. Алдағы уақытта медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады, — деді аудан әкімі.

Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Жалпақтал полиция бөлімшесінің жұмысымен, ауылға орнатылған камералардың жұмыс істеу тәртібін бақылап, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа бейнебақылау камералары орнатылады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
