5.02.2026, 15:30
Оқылды: 15

18 кәсіпкер әйел несие алды

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың басты басымдықтарының бірі. Бұл ретте әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі айрықша маңызды. Қаратөбе ауданында 289 әйел жеке кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын құрып, аудан экономикасына серпін беруде. Олар ауыл шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету, білім мен мәдениет және басқа да салаларда белсенділік танытып отыр. Тігіншілік, кесте өнері, зергерлік, ағаш ою, ұлттық киім тігу сияқты қолөнер саласында нәзікжанды шеберлердің еңбегі зор.

Айсәуле Құбашеваның цехында

– 2023 жылы басталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қаратөбелік 18 әйел кәсіпкер қатысушы болды. Жеңілдетілген несиені мал шаруашылығын дамытуға және кәсіпкерлік бағыттағы  нақты жобаларға (тамақ пісіру, дәріхана, кілем жуу)  алды.

Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін берілетін бес миллион теңгеге дейінгі қаржылық грантты ауданымыздан алған қыз-келіншектер бар. 2023 жылы «Kami» жеке кәсіпкерлігі (жетекшісі Кәмшат Шұқанова) «Глютенсіз жартылай фабрикаттар өндірісін құру» жобасы бойынша 4,5 млн теңге грант алып, осы бағытта жұмыс жүргізуде. Ал 2025 жылы қараша айында аталған грантты екі кәсіпкер ұтып алды. Оның бірі – кәсіпкер Айым Есендиярова («Есендиярова А. М.», ЖК) сүт өнімдері өндірісі бойынша бес миллион теңге көлемінде грант алды. Жобаға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, сүт өнімдерін – қаймақ, май, сүзбе, ірімшік өндіруді бастайды. Қаржылық грант иегері атанған екінші кәсіпкер Қасымхан Амантаев қаз, үйрек өсіруді қолға алады. Екеуі де грантты өткен жылдың қарашасында алды, биыл жобаларына «жан бітіреді», – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы  Қанат Бадақов.

Есендиярова мейрамханасы

Бұдан үш жыл бұрын облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңе­сі өкілдерінің және өңірдегі басқа аудандардағы ірі кәсіпкер әйелдердің қатысуымен Кәсіпкер әйелдер форумы өткізілді. Форумда аудандағы түрлі кәсіптік салада жүрген және қолөнермен айналысатын әйелдердің қолдарынан шыққан өнімдерінен көрме, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. 2024 жылы Орал қаласында ұйымдастырылған іскер әйелдер форумына қаратөбелік қолөнерші ақ жаулықтылардың бұйымдары көрмеге қойылды. Қатысушы кәсіпкерлер алғысхатпен марапатталды. Ал 2025 жылы Орал қаласында оздырылған «Еңбегі жанған арулар» атты жұмысшы әйелдер форумына да аталған аудандағы кәсіпкер әйелдер қатысып, үлкен  күш-жігермен оралды. Ұзақ  жыл бойы осы салада еңбек етіп жүрген жұмысшы әйелдер Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы президентінің алғысхатымен марапатталды. Аудандағы кәсіпкер әйелдер Орал қаласында өткен «ЕҢБЕК. АДАМ. ҚҰРМЕТ» жұмысшы мамандықтар фестивалі аясында ұйымдастырылған көрмеге өздері өндірген өнімдерін қойды. Қаратөбеден шыққан өнімдерді алушылар аз болмады.

оздекова ардак1

Биылғы жыл басында  «Таңдау» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Айсәуле Құбашева  «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 8,7 млн теңге несие алып, еттен жартылай дайын өнімдер жасайтын цех ашты. Қанат Бадықовтың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша  несие алған 18 кәсіпкер әйел жобаларын дамытуға мән-маңыз беруде. Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланып, кәсіптерін жолға  қоймақ.

Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале