Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашевтің айтуынша, Орал қаласында салынатын 550 орындық жаңа облыстық көпбейінді аурухананың жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда.

– Қазір жобалау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бас жобалаушы ретінде «Әсем Жоба Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталды. Жобалау жұмыстарының жалпы құны 122 миллион теңгені құрайды. Жаңа көпбейінді аурухана шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсететін, сондай-ақ амбулаториялық консультациялық қызметтер ұсынатын заманауи медициналық кешен болады. Бұл нысан өңірдегі ең ірі медициналық ұйымдардың біріне айналады және негізгі медициналық қызмет түрлерін бір жерде біріктіреді, – деді Нұркен Еділұлы.
Жоба бойынша аурухана ғимараты үш негізгі блоктан тұрады:
– Хирургиялық блок (травматология, нейрохирургия, кардиохирургия бөлімшелері) – 270 төсек-орын;
– Терапиялық блок (эндокринология, ревматология, неврология, гастроэнтерология және пульмонология бөлімшелері) – 250 төсек-орын;
– Реабилитациялық блок (анестезиология, кардиореанимация және триаж жүйесі бойынша жұмыс істейтін бөлімшелері) – 30 төсек-орын.
Бұл жобаны іске асыру арқылы терапиялық, хирургиялық және кардиологиялық қызметтерді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтылады. Осының нәтижесінде облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы жақсарады. Ал науқастар бір мекемеде жүріп, қажетті мамандардың кеңесін ала алады.
Жобалау кезінде науқастар мен медицина қызметкерлеріне қауіпсіз және жайлы орта құруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Аурухана ғимаратына заманауи желдету және ауа баптау құрылғылары, сенімді электрмен жабдықтау жабдықтары орнатылады. Одан басқа өртке қарсы дабыл, бейнебақылау және қолжетімділікті бақылау жүйелерімен жабдықталады.
Жалпы алғанда жаңа облыстық көпбейінді аурухананың құрылысы Ақ Жайық өңіріндегі денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Бұл жоба жаңа технологияларды бір орынға жинақтап, халықтың медициналық қызметтердің сапасына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Жобалау-сметалық құжаттаманы жасақтау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін аталған нысан құрылысын салуға республикалық бюджеттен қаражат бөлу жөнінде бюджеттік өтінім жолданады.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»