8.02.2026, 9:07
Оқылды: 5

Білім көшбасшылары бір арнаға тоғысты

6 ақпан күні Орал қаласындағы Оқушылар сарайында білім саласының тәжірибесі мен тағылымы мол бір топ ұлағатты ұстаздар бір арнаға тоғысқан тағылымды басқосу өтті. «Өнегелі жол: білім көшбасшылары» тақырыбымен ұйымдастырылған кездесуде Казталов ауданының әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұлов Орал қаласында тұратын белгілі, беделді педагог тұлғалармен жүздесіп, өңірлік білімнің өткені мен бүгіні, келешегі туралы ой өрбітті.

FB_IMG_1770466172595

Мазмұны терең, мәні айрықша бұл кездесудің негізгі мақсаты өңірлік білім кеңістігінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген педагог көшбасшылардың өмірлік әрі кәсіби тәжірибесін насихаттау, ұстаздық сабақтастықтың алтын көпірін нығайту, жас педагогтерге бағыт-бағдар беріп, Казталов ауданының білім саласын дамытуға тың серпін беретін идеяларды бір ортаға жинақтау ед/і/.

Іс-шара қарсаңында қонақтар жетістіктер аллеясымен танысып, аудан білімінің белестерін айқындайтын игі бастамалар мен табысты жобаларға қанықты. Кездесу «Ақ ерке Ақжайық» әнімен салтанатты түрде ашылып, білім саласында атқарылған жүйелі жұмыстарды көрсететін бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Кездесудің ашылуында сөз сөйлеген Казталов ауданының әкімі Асланбек Ахметоллаұлы білім саласының ел дамуы жолындағы стратегиялық маңызын айрықша атап өтті. Ол Орал қаласында еңбек етіп жүрген жерлес педагогтердің өңірдің рухани-әлеуметтік дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалап, олардың жинаған мол тәжірибесі мен кәсіби жетістіктері жас буын үшін темірқазық іспетті екенін жеткізді. Сондай-ақ тәжірибе алмасу мен ұстаз сабақтастығының бүгінгі білім кеңістігіндегі орнына ерекше тоқталды.

Кездесу барысында Казталов ауданы білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы ауданның білім саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар, даму бағыттары, озық жетістіктер мен қолжеткізілген нақты нәтижелер туралы жан-жақты баяндады.

Еркін форматта өткен сұхбат алаңында педагог көшбасшылардың ойы мен тәжірибесі бір арнаға тоғысып, мазмұнды пікір алмасу болды. Ұстаздар кәсіби жолындағы тағылымды сәттермен бөлісіп, білім сапасын арттыру, жас мұғалімдерге тәлімгерлік ету, өңірлік білімді дамыту және басқару мәдениетін жетілдіру бағытында салмақты ұсыныстарын ортаға салды.

FB_IMG_1770466169158

Сондай-ақ сұрақ-жауап барысында болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жас педагогтерді қолдау тетіктерін күшейту, ұстаздық жолдағы сабақтастықты сақтап, оны заман талабына сай жалғастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген педагог тұлғаларға алғыс білдіріп, мұндай мазмұнды кездесулердің алдағы уақытта да жалғасып, өңірлік білімге жаңа серпін беретін рухани алаңға айналатынын ерекше атап өтті.

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале