10.02.2026, 14:45
Оқылды: 13

Мал тоқ болса, төл көп...!

«Ағатан» аймағы жалпы мал бағымына аса қолайлы қоныс. Айналасының тегістігі мал жаюға оңтайлы, шөбі құнарлы, су-суаты мол жер. Сондықтан болар бұл маңға шаруа баққан жандар үйір. Қазір «Ағатан қыстағында 9 шаруашылық мал өсіріп отыр. Шаруалары жайлы, малдары күйлі. Қыс қамын жазда қамдаған шаруашылықтың бірі - «Құрманғалиев» шаруа қожалығы (басшысы Ерболат Құрманғалиев). Мая- мая шөптің көлемі 2-3 қысқа жеткендей мол. Малы да қоңды. Суды құдықтан алып отырған шаруашылық мал қиын мол етіп шаруашылықтың жел жақ бетіне үйген. Бұл тегіс даладан бөгеусіз үретін бораннан, қардан сақтанудың амалы дегенді айтады. Әйтпесе, қара-құра қора-қопсыны қар басып, тегіс сипап кетеді екен. 

image-10-02-26-10-56-3

Бұл бағытта аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев шаруашылықтардың абаттандыру мәселесін де ескеріп, тазалық, аумақты таза ұстауға бет бұру керектігін ескертті және қи үйгенше жас ағаш көшеттерін егудің әрі тазалық, әрі табиғи сән беретінін атап өтті.

Шаруашылық 150 бастан аса мал ұстап отыр, жаңа ангар салу үстінде. Әрине, мал басын көбейтіп, шаруашылық жерін де ұлғайтуды жоспарлайды.

***

«Орынбасар» шаруа қожалығы(басшысы Жасұлан Қабидуллиев) өткен жылы жаңа «МТЗ- 82» тракторын сатып алған. «Жаңа техниканың көмегі өте  үлкен. Тай- тай шөпті трактормен әкеп, мал қиын да осы техникамен тазартып тұрмыз»- дейді шаруашылық басындағылар. Мал қоңды, шөп құнарлы. Шаруашылықта төлдің алды көріне бастаған. Туған аналық мал басына жем беріп отыр. 450 га жайылымдық жері бар. «Жаңа техникамен екпе шөпке бет бұрсақ» деп отыр мұндағылар. Оған, әрине, осы мақсаттағы жер керек. Жалпы, шаруалар даланың шөбінің жыл сайын сұйылып келе жатырғанын, алдағы уақытта екпе шөптің шаруашылыққа қолайлы болатынын жиі айтып жүр.

***

-Шөбімізді өзіміз шауып аламыз. Көлігіміз бар. Биыл Үлгілі маңын шаптық, негізі Амангелді ауылы маңында 500 га жеріміз де бар, оның шөбі сұйық, әрі қашық боп тұр. Жақыннан жер болса, осындай жер мәселесі бар бізде,- дейді «Даяна» шаруа қожалығының басшысы Серік Дәулеткереев.

image-10-02-26-10-56

Былтырғы қыстан мал да төл де аман шыққан. Малдары күйлі, шөбі жақсы шаруашылықтың. Өткен жазда көлемді етіп жылы қора салып алған.
Аудан басшысы қазіргі таңда осындай шаруа қожалықтарында жұмыс жасайтын малшы ағайынға зейнет жасын азайту, балаларына оқуға түсу, әскерге бару сынды жайттардан жеңілдіктер беру туралы заң жобалары қарастырылып жатырғандығын айта келе, жұмысшылардың заңды тіркеліп, құжаттарының шаруашылық есебіне дұрыс рәсімделуі қажеттігін ескертті.

***

Малды ауылдың тынымсыз еңбек пен шаруаға айналған тіршілігі қайнап жатыр екен «Нұрсұлтан» шаруа қожалығында(басшысы Серік Кабаков). Жаңа тракторлар жұмыс жасап тұр. Мал басы кең албарда салынған шөпке мелдектеп, жусап жатқандары бар. 600- ден аса мал басын өсіріп отырған шаруашылық жаңадан аумақты қора салып алған. Төбесін қамыспен қаптап, қаңылтыр жабынымен жапқан қора жып- жылы. Биік және кең етіп салынған ауқымды қора- жайдың қабырғасын жағалата ақыр(оттық, сәдөк) жасалған. Бірнеше тай шөп келтірілген, шаруалар малдың кешкі қамалу уақытына осындай дайындықтар жасап жатыр екен. Су құдықтан беріліп тұр.

image-10-02-26-10-56-1

Жергілікті округ әкімі Мерлан Хамиевтің айтуынша шаруашылық басшысы Серік Кеңесұлының ұйымдастыруымен жаз күндерінде ауыл іргесіндегі тоған бөгетін жақсы етіп қайта көтеріп алған шаруалар. Бұған осы жердегі шаруашылықтар бірігіп, арнайы Ақтөбе қаласынан су өткізу құбырларын әкеліп, күш біріктірген. Түбін тереңдете қазып, бөгетті 8 метрдей көтерген. Барлық жұмысқа 5 млн.600 мың теңге қаражат жұмсалған. Бұл су көзі жазғы малдың суатына, жаңбырға керек деп отыр шаруалар. Алдағы көктемде жасалған бөгеттің сапасын сынамақ...
Иә, үкіметке үміт арта бермей, өз тіршіліктерін өздері қамдаған жандардың бұл ісі көңіл қуантарлық және көпке үлгі боларлық іс.

Жағдай жақсы, жем- шөп мол. Техникалар жаңа, айтар шағым жоқ. Еңбек еткенге бәрі де болады,- дейді шаруашылық басшысы Серік Кеңесұлы.

***

«Акиев Н.Т» шаруа қожалығы (басшысы Нұрболат Акиев)жеті ірі қара мал басын да, қой санын да көбейткен шаруашылық. Мал басын одан әрі көбейте түсуді жоспарлаған шаруалар қораларды көптеп салған. Бірнеше тракторлар, шалғылар мен шөп маялағыш, тырма сынды құралдары сай шаруашылық екпе шөптен де мал азығын жинаған.

Малдары қоңды, жем- шөбі мол. Қыстақ ойдағыдай өтуде дейді шаруа басындағылар.

***

«Бердібай Бекзат» қожалығы да (басшысы Көмек Хаятуллаев) көлемді шауашылықтардың бірі. 500- ден аса мал басын ұстап отырған шаруашылық малын судан шөбімен азықтандырып отыр. Бұған қоса үзбей жем беріп отыр. Малдары күйлі. Жемдіарнайы қоймадан тартып шығарып, малды жемдеп отырған жайы бар. Жалпы, шаруашылық 1000- жуық ұсақ мал ұстап, 300- ге тарта жылқыны да өрбітіп отыр. Техникалары да жеткілікті.

***

«Құлбатыров» шаруа қожалығы(басшысы Альфия Құлбатырова), ірі қара мен қой өсіріп отырған шаруашылық. 1000га- дан аса жайылымды жері бар, 2 тракторы бар шаруашылық мал азығын жеткілікті қамдаған. Қыстақ ойдағыдай өтуде дейді шаруа басындағылар. Шаруашылықта ұсақ мүйізді мал басын құжаттау мәселесі бар. Аудан басышысы бұл мәселені реттеуді тиісті бөлім басшысына міндеттеді.

image-10-02-26-10-56-2

Жалпы аудан бойынша ірі қара және ұсақ мүйізді мал басы түгел қораларда бағылып жатыр. Жылқы малы әлі тебінде. Даладағы қар түсімі тебінге мүмкіндік беріп тұр. Бірақ кейбір шаруашылықтар қажетті деп тапқан жылқы мал басын қолға да ұстап отырғандары бар. Табиғаттың боранды-шашынды күндерінде түздегі малға қосымша азықтандыру даярлығы ескерілген. Әзірге мал шығыны жоқ.

Алдымызда қыстың айлары бар екенін ескерсек жем- шөпті ұқыпты пайдалану, мал басының түгелдігін сақтау, әлсіз малдарға жіті қарау және ветеринариялық бақылауда ұстау сынды жауапкершілік күн тәртібінен түспейді. Осы жайттарды әр шаруаның ескере жүргені ләзім!

 

Қаршыға Асу,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале