Өңірдегі стратегиялық маңызды нысандардың бірі – «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу электр орталығындағы газтурбиналық қондырғысы күрделі жөндеуден кейін қайта іске қосылды. Оның тұсаукесер рәсімін облыс әкімі Нариман Төреғалиев және аталған акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров жасады.

Жылу электр орталығындағы «Хитачи» газтурбинасы 2006 жылы іске қосылып, содан бері тоқтаусыз жұмыс істеді. Ол үш турбоагрегатқа сағатына 40 шаршы метр бу және 25 мегаватт электр қуатын өндіретін. 2019 жылы аталған қондырғыға жергілікті бюджеттен бір миллиард теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонда оған әлі де біраз жөндеу жасау қажеттігі анықталды.
– 2023 жылы Жапониядағы газтурбина шығаратын «Hitachi Mitsubishi» зауытына барып, келіссөздер жүргіздік. Олар өздерінің 2019 жылғы тексерістерінің нәтижесіне сүйеніп, келісімге келді. Қосымша бөлшектерді өздерінің зауытында бір жылдай дайындады. 2024 жылдың ортасында компания өкілдері келіп, турбинаны тексерді. 2025 жылдың басында барлық қажетті жабдық, бөлшектерді жеткізді. Күрделі жөндеуді жүргізуді жапондықтардан сұрағанымызбен бағаға байланысты келісімге келе алмадық. Мердігерлікке Атырау облысынан «Global Energy service industry» компаниясы тартылды. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 1 млрд 700 млн теңге қаржы бөлінді, – деді Нариман Төреғалиев.
Өңір басшысының айтуынша, жылу электр орталығын жаңартудың 2023-2035 жылдарға арналған кешенді жоспары құрылған. Газтурбинаны күрделі жөндеу осы жоспар аясында жүргізілді. Жалпы орталықта үш турбоагрегат бар. Соның ішінде он жылдан астам уақыт жұмыс істемей тұрған 12 МВт-тық №1 турбоагрегат өткен жылдың басында жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Екіншісі 1994 жылы жөнделді, іске қосулы. Ал 8 мегаваттық үшінші турбина бойынша жоба жасақталуда. Оны 12 мегаваттық жаңасымен ауыстыру көзделген. Алдағы уақытта ЖЭО-да энергетикалық қазандықтарды жаңарту және жаңа газтурбиналық станса салу жоспарланып отыр. 2025 жылы салынған турбина Ресейдің Калуга қаласынан қымбат бағаға әкелінді. Сондықтан бастысы – сапа мен баға. Станса салу мәселесі бойынша қытайлық компаниямен келіссөздер жүргізілуде. Облыста энергетикалық кешенді жаңғырту, оның ішінде («Батыс су арнасы», «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу қуат орталығы және «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы») үш компанияны дамыту бойынша жұмыстар қолға алынды.
– Күні кеше жергілікті «WEST OIL» компаниясының өкілдерін қабылдадым. Енді осы жылу электр орталығыың барлық шаруасын аутоматтандырып, цифрландыруға көшіреміз. Ондағы мақсат – келеңсіз жағдайларды болдырмау. Жылу электр орталығында цифрлық басқару орталығы салынады. Қаладағы кәріздік сорғы стансалары, шағын жылу пункттері, су айдау стансалары, міне, осылардың барлығының жұмысы заманауи бақылау жүйесіне көшіріледі. Қазір осы жүйелердің әрқайсысы өз адына бөлек жұмыс істейді. Соны бір диспетчерлік орталыққа біріктіріп, мамандар онлайн режімде тәулік бойы мониторинг жүргізетін болады. Мұндай цифрлық шешімдер кез келген жүйедегі ақауды жылдам анықтап, қаланы жылумен, сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүкіндік береді. Сонымен қатар жаңа заманауи технологияны енгізу арқылы энергия мен жылу шығынын 20%-ға дейін азайтамыз. Жаңа технологиялар тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған. Жөндеуден кейін газтурбинасының іске қосылуы тарифке әсер етпейді, – деді Нариман Төреғалиұлы.

«Жайықжылуқуат» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Бекболат Камешов газтурбинаның іске қосылуы электр энергиясын өндірудің 60 МГт-қа жеткенін әрі кәсіпорынға қосымша табыс үстейтінін айтты. Газтурбиналарын жөндеуден мердігер «Global Energy service industry» компаниясының техникалық директоры Әділ Қонайдың сөзінше, компанияның турбина жөндеу бойынша 15 жылдық тәжірибесі бар. Сондықтан жөндеу сапалы атқарылғанына сенімді.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»