Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен ағымдағы мәселелерді талқылаған аппараттық жиын өтті.

Жиын кадрлық өзгерістер туралы хабарламамен басталды.
Аудан басшысы кәсіпкерлік бөлімнің басшысы лауазымына тағайындалған Нүркен Топасов пен Бөкей ордасы аудандық құжаттармен қамтамасыз ету және қаржы шаруашылық бөлімінің басшысы лауазымына лайық танылған Аслан Бижановты таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алдымен сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев жаңа конституция жобасына қатысты іс-шаралар турасында сөз алды.
Ал аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының у.м.а Серік Айтқалиев екі бірдей мәселе бойынша баяндама жасады.
Алдымен аудан көлемінде "Ауыл аманаты" бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, әр округ бойынша жобалық кеңсе жұмыс жасайды. Бағдарлама бойынша несие алушылармен жұмыс талапқа сай жүргізілуде. Сәуірге дейін белгіленген лимитті игеруге жұмыстануда. Нақтырақ айтсақ, сәуір айына дейін 37 жоба дайындалып, несие қаражаты толықтай игерілуі керек.
Аудан әкімі бұл көрсеткіштің көңіл көншітпейтінін айтып, әр округ әкімінен түсініктеме алды.
Серік Айтқалиевтің екінші баяндамасы мал қыстағының өту барысы турасында болды.
Осы орайда аудан әкімі:
- Жылқы қырылуда, ірі қара мал аштықтан құлауда деген хабар таратып, елді дүрліктіріп жүргендерді жауапқа тартуды ұсынамын. Осындай ақпарат тарады ма, оқиға орнына өздеріңіз арнайы барып, малдың қырылып жатқанына көз жеткізіңіз, себебін анықтаңыз, - деп орынбасарынан бастап, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Талғат Әнесов көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бойынша сөз алды.
Аудан басшысы мотопомпалардың жағдайын тексеріп, көктем мезгіліне дайындықты пысықтауды да міндеттеді.
Аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі маманы Мейрамбек Ғилманов еріктілерді жұмылдырып, ауылдардағы мүмкіндігі шектеулі ауылдастарымыздың немесе жалғызбасты аналарымыздың үйлерін қардан тазартуды ұсынды.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы