Жиналысқа Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов, аудан прокуроры Ершат Қамбетов қатысты.

«Заң мен тәртіп» – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық қоғамның қауіпсіздігі мен дамуы үшін белгілеген формуласы. Мемлекет басшысы:
- Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді. Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру - деді.
Әділетті және қауіпсіз Қазақстан бәрімізге де керек. Сырым ауданының прокуроры Ершат Қамбетовтың айтуынша, қағидатты жүзеге асыру қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту, азаматтардың заңға деген құрметін арттырудан басталады.
Күн тәртібіндегі тақырып аясында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Бақтығали Кужахметов баяндама жасады. Аудан аумағындағы қылмыстық ахуал, құқық бұзушылықтың алдын - алу жұмыстары - «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі көрсеткіші.
Ал, отбасын қолдау орталығының Ақкүміс Мұрадымова «Отбасылық құндылықты сақтау – қоғамның берік негізі» тақырыбында сөз сөйлеп, отбасы институтын нығайту – құқықбұзушылықтың алдын алудағы маңызды фактор екенін айтты.
Білім беру саласындағы құқықтық тәрбие мәселесіне аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайырбек Аманғалиев тоқталды.
Сонымен қатар ауданның бас имамы Нұрәлім Қисметов заң мен тәртіп ұғымы ислам дінінде маңызға ие екенін, мұсылманның нышандары - әділдік пен тәртіп екенін айтты.
Исламда әділеттілік – негізгі кағидалардың бірі. Құранда: «Алла әділдікті, игілікті және туыстық қарым-қатынасты бұйырады» (Нахыл сүресі, 90-аят) деп айтылған.
Пайғамбарымыз хадисінде: «Дін – адалдық!” - деген.
Жанындағы сахабалар: Кімге деген адалдық? - деп сурайды. Сол кезде:
Адалдық алдымен Аллаға, кейін Пайғамбарына, кітабына, мұсылман басшыга және барлық мұсылмандарға!», - деп жауап берді. Дін ұстанушы адам әділ әрі адал болу керек. «Мұсылманға екінші бір мұсылманның ар-намысы, мал-дүниесі, бала-шағасы адал болмайды» - деген хадис бар. Бүгінгі күні әзілдің шектен шыққанын, адамдардың жеке кеңістіктерге өтіп, ар-ождандарын аяқ асты етіп жатқанына куә болудамыз. Бұл мүмінге тән емес. Дін кашанда адамзаттың құқығы үшін күреседі», - деп тарқатты әңгімені бас имам.
Сырым аудандық ауруханасының директорының орынбасары Миргүл Сарғозиева медицина саласындағы заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар орын алып жатқанын айтып, негізгілерін хабардар етті.
Жиналысты Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қорытындылады. Ол мемлекеттік қызметші ретінде тәртіп өздерінен басталатынын айтты.
- Мемлекеттік органдар мен қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Мемлекеттік органдар да, азаматтар да заң нормаларының шеңберінен шықпауы тиіс. Озық ойлы ұлт болу үшін өзара құрмет, ұстамдылық, кішіпейілділік, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн - деді әкім орынбасары.
Б. Шерім
Суреттерді түсірген: Қоңдыкер Елеуов