12.02.2026, 19:00
Оқылды: 14

Мемлекеттің басты байлығы –  мұнай, табиғи ресурстар емес, адами капитал

Оралдағы Достық үйінде «Жаңартылған Конституция – тұрақты дамудың негізі» тақырыбында диалогтық алаң сипатындағы  сарапшылар форумы өтті. Іс-шараны «Ауыл» партиясының өңірлік филиалы ұйымдастырды. Маңызды шараға мемлекеттік құрылымдардың, саяси партиялардың, сарапшылар қауымдастығының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар қатысты.

cb3807d6-c935-4724-9577-f147b469205a

Жиынды ашқан партияның облыстық филиалының төрағасы Темірғали Ескендіров ресми кездесудің мақсаты сарапшылар қауымдастығы мен қоғам өкілдерін қатыстыра отырып,  Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын жан-жақты талқылау, оның елдің саяси, әлеуметтік және қоғамдық дамуына ықпалын саралау екенін атап өтті. Сондай-ақ 15 наурызда өтетін Ата Заңның жаңа нұсқасы бойынша ұлттық референдумды қолдау үшін сарапшылар қауымдастығының салиқалы ұстанымын қалыптастыру көзделіп отырғаны да мәлім болды.  Форум алдағы референдумды қолдауға, сарапшылар мен қоғамды негізгі конституциялық өзгерістер айналасында біріктіруге және жүргізіліп жатқан реформаға  сенімді нығайтуға бағытталды.

3cf0f1f6-e34c-40c5-874b-fde2083b2e6d

Жиынға қатысушылар алдымен Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың партияластары атынан қазақстандықтарды жаңа Конституцияның жобасын қолдауға шақырған бейнебаянды көрді.

Бірінші болып сөз алған «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары, орталық аппарат басшысы Ғалымжан Құсманғали Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанын айта келе, Конституцияның жаңа жобасы елдің ұзақ мерзімді даму бағдарларын айқындайтын стратегиялық құжат екеніне назар аудартты. Ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның әділдікке деген сұранысын көрсетіп, биліктің жауапкершілігін арттыруды және мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтуды көздейтінін, сондай-ақ заманауи әрі тұрақты саяси жүйе қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

7bd39765-de59-4da1-9d65-ef459ff42888

–Мемлекет басшысы бастамасымен қолға алынған конституциялық реформа, сондай-ақ 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы, мәні жағынан ең алдымен жастарға бағытталған және олардың мүддесі үшін жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, жаңа Конституция жобасына енгізілген идеялар мен құндылықтар жас ұрпақтың әлеуетін ашуға жағдай жасауға, жастарға жан-жақты өзін-өзі жүзеге асыруға, өз идеялары мен бастамаларын іске асыруға, сондай-ақ өздерінің өмірлік күш-жігерін жеке дамуы мен ел болашағының игілігіне сындарлы түрде бағыттауға мүмкіндік беруге арналған, – деді Ғалымжан Құсманғали.

 «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы Ержан Ибраев елімізде парламенттік реформадан басталған өзгерістер конституциялық реформаға ұласқанын,  әуелі Конституцияның 40 бабына өзгерістер енгізу жоспарланып, қазіргі кезде 77 бапқа өзгерістер енгізілгенін баян етті.  Енді жалпыхалықтық референдумда халық қолдау білдірсе, еліміздің басты құжатының  84%-ы жаңарады.

fda6513e-900a-45c8-a163-68bcbf0d0ca0

–15 наурызда референдумға халық түгелдей барып дауыс берсе, бұл күн Қазақстан тарихындағы Конституция күні болып белгіленеді. Конституция жобасы ашық, жария түрде талқыланды. Конституциялық комиссия  азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және жетекші сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау негізінде, ашық қоғамдық талқылаулардың нәтижелері мен жаңа нормалар мен ережелерді ескере отырып әзірленді. Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі адамға бағдарланған сипаты мен оның идеологиялық мазмұнының күшейтілуінде дер едім.   Жаңа Преамбулада тарихта алғаш рет бірқатар негізгі қағидалар Конституция деңгейінде ресми түрде бекітілді. Онда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекет қызметінің басты бағыты ретінде белгіленген. Бұл – азаматқа бағдарланған демократиялық елдің негізгі принципі.  Жаңа Конституция жобасында Қазақстан адами капиталдың, білім, ғылым және инновациялардың дамуын мемлекеттің стратегиялық қызметінің негізгі бағыты ретінде танитыны көрсетілген. Мемлекеттің басты байлығы мұнай, табиғи ресурстар емес, адами капитал екені маңызды, – деді Ержан Ибраев.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, саясаттанушы Тұрар Шайхиев референдумға ұсынылып отырған жаңа Конституция  мемлекетіміздегі саяси реформалардың аясында жасақталғанын айтты. «Мемлекет басшысы ел тізгінін қолына алған кезден бастап, елді демократияландыруды өзінің негізгі мақсаттарының бірі ретінде алға қойды. Сол кезден бастап елімізде саяси ауқымды реформалар өтуде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған бағыты  «Күшті Президент — Ықпалды Парламент — Есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделген. Конституциядағы өзгерістерде осы бағыттар қамтылған. Бұл жердегі ауқымды саяси мәселелерге тоқталсақ, біріншіден, Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, мемлекеттік құрылымға сәйкес келетін бір палаталы Құрылтай енгізіледі. Сонымен қатар жоғары саяси билік қызметінде жаңа лауазым — вице-президент қызметін құру. Бұл президенттік республикаларда бар тәжірибе, ол Президенттің орынбасары сипатында болады. Вице-президент республикалық басқару формасында ішкі саяси мәселелермен айналысады, қажет уақытта халықаралық  істерде мемлекет және Президент атынан Қазақстан мүдделерін таныстырады. Одан басқа жаңа Конституция жобасында азаматтардың құқықтары мен міндеттерін кеңейту мәселелрі көзделген. Көптеген адам және азамат құқықтарына байланысты оңды өзгерістер осы жаңа Конституцияда көрініс тапты. Қорыта айтсақ, жоғары саяси билік жүйесінде өзгерістер болады. Президенттің өкілеттеріне қатысты және қазіргі кездегі  әлемдегі, еліміздегі саяси жағдайларға байланысты Президент пен Парламент қарым-қатынасына өзгерістер енгізілген. Елімізде билік дағдарысы болмас үшін  Президент пен Парламенттің  арасына тепе-теңдік механизмі енгізілген», – дей келе Тұрар Шайхиев осындай өзгерістердің барлығы өткенге оралу емес, керісінше, жетілген қоғамға сай келетін жаңа саяси кезеңге қадам басты деген тұжырымын жеткізді.

–Жаңа Конституция еліміздің тұрақты дамуына септігін тигізеді. Әр өңірден, түрлі саладан жиналған 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия  Ата заңның жобасына қатысты азаматтардың салиқалы ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, редакциялық-стилистикалық өзгерістер, қосымша нормалар енгізді.  Жаңа Конституция халық үшін, қазақ үшін керек маңызды құжат. Сондықтан Конституция мәтінін оқып, түйсінгеніміз жөн. Референдумға қатысу әрбір азаматтың өз еліне деген құрметі һәм патриоттық сезімі деп түсінемін. Сондықтан мен келмесем, сіз келмесеңіз, кім келеді? Қазақстан кімге керек? Бірінші кезекте бізге, қазақтарға керек. Сондықтан баршамыз еліміздің дамуына үлес қосамыз десек, референдумға келіп, дауысымызды беруіміз керек. Конституция біздің болашағымызға жасалған жаңа қадам. Қаншама адам оның әрбір сөйлемін, сөзін талдады. Ел Президенті күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде сөзден іске көшу керек екендігін айтты.  «Ауыл» партиясы алда үлкен форум өткізгелі отырмыз. Онда ауыл тұрғындарының табысын көбейтудің жолдарын іс жүзінде көрсетіп, нақты әңгімелерді қозғаймыз.   15 наурыз референдум күніне қарай көрісу айты басталады.  Референдумға келіп, бір-бірімізбен көрісіп, жақсылық тілесек, ғанибет болмақ, – деді «Ауыл» партиясы   облыстық филиалы аппаратының басшысы Ғайса Қапақов.

782e80e6-9a84-4853-b268-bf6d798a47a1

Конституция жобасын талқылауға  Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тарих және құқық кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылдымдарының кандидаты, профессор Жасқайрат Ерназаров, «Жастар қанаты» бірлестігінің жетекшісі Нұрбек Нұрсейітов, «Ауыл» партиясы» РҚБ саяси кеңес мүшесі, «Жайықжылуқуат» АҚ бас есепшісі Марина Богомолова және басқалары қатысты. Сарапшылар Конституцияның жаңа нұсқасы қауіпсіз, әділ және тұрақты мемлекет құруға бағытталған стратегиялық таңдау болып табылатыны атап өтті. Қатысушылар жаңартылған Конституцияның елдің тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, алдағы референдумды бірыңғай қолдайтындықтарын білдірді.

Сарапшылар форумы кәсіби диалог, мазмұнды ұсыныстар әзірлеу және елдің болашағы туралы маңызды шешімдерге азаматтардың тікелей қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған алдағы референдумға қоғамдық қолдауды күшейту үшін маңызды платформа болды.

Гүлбаршын Әжігереева

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале