Кеше қаламыздағы «Ақжайық» оңалту орталығында конституциялық реформаны түсіндіру бойынша кезекті кездесу өтті. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшылары, қызметкерлері бас қосқан жиынға «Мемлекеттік, банктік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Серік Сүлеймен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Жақсылық Абдолов және облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева қатысты.

– Өздеріңіз білесіздер, 15 наурызда референдум өткізіп, ел тағдырын айқындайтын маңызды шешім қабылдағалы отырмыз. Қазір жаңа Конституция жобасы бүкілхалықтық талқылаудан өтіп жатыр. Азаматтар өз ұсыныстарын білдіруде, ал арнайы комиссия оларды саралап, кезең-кезеңімен тиісті түзетулер енгізуде. Бұл – ел тарихындағы айрықша белес. Ұсынылып отырған өзгерістер Ата заңның мазмұнына елеулі жаңалық әкелмек. Бірқатар баптар қайта қаралып, бөлімдер жаңарып, құрылымдық тұрғыдан жүйеленуде.
Дегенмен, құжаттың құндылығы тек ауқымында емес. Ең бастысы – оның жаңаша мазмұнында, замана талабына сай тұжырымдамалық бағытында. Біз сапалық тұрғыдан жаңарған Конституцияны қабылдаудың алдында тұрмыз. Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа әр азамат мақтан ететін өркендеген әрі әділетті Қазақстанды аманат ету. Баршамызды біріктіретін ортақ мұрат та – осы, – деді Серік Кенжебекұлы.

Ал облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкееваның айтуынша, енгізілетін өзгерістердің мазмұндық салмағы ең алдымен Конституцияның кіріспе бөлімінен айқын аңғарылады.

– Жаңа Преамбула тарихи тамыр мен бүгінгі заман құндылықтарын өзара сабақтастыра отырып, ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындайтын бағдарламалық мәнге ие. Ең бастысы – онда алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде нақты жарияланып отыр. Сонымен қатар қоғамдық келісім, ұлтаралық және конфессияаралық татулық мемлекет тұрақтылығының негізгі тірегі ретінде бекітіледі. Әділдік пен заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп пен табиғатқа жауапкершілік қағидаттары конституциялық деңгейде айқын көрсетіліп, қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастаулары нақты белгіленген. Кіріспеге «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген тіркестің енгізілуі – ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға, ұлт жадының үзілмес арнасын айқындауға бағытталған маңызды қадам. Бұл тек символдық мәнге ие сөйлем емес, елдің өркениеттік жолын мойындау әрі оны болашақпен жалғау ұстанымы. Жалпы, жоба мәтінінде тарих тақырыбы бір ғана кіріспемен шектелмейді. Мәселен, 3-бапта Қазақстан Республикасы қызметінің негізін құрайтын қағидаттардың қатарында тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау міндеттері нақты көрсетілген, – деді ол.

Жиын соңында спикерлер қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріп, ашық пікір алмасу алаңын қалыптастырды.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»