Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Университет – экологиялық трансформациялардың драйвері» атты экофестиваль өтті.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында экологиялық білім беру және кәсіптік бағдар жұмыстарын дамыту мақсатындағы іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов фестивальдің маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Университеттегі «Тұрақты даму» орталығының жетекшісі Ақжібек Булекова шараға қатысушы сарапшылармен таныстырды.
Экофестиваль аясында панельдік пікірталастар мен ашық диалогтар, экомектептердің экологиялық жобаларының көрмелері, кәсіптік бағдар беру модульдері ұйымдастырылды. Табиғат жанашырларының қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, табиғи байлықтарды үнемдеу, елді мекендерді көгалдандыру бойынша жобалары сарапшылардың қызығушылығын туғызды. Сондай-ақ университетте пайдаланылған қоректендіру элементтерін (батареяларды) қауіпсіз жинауды, уақытша сақтауды және кейіннен экологиялық жауапты түрде кәдеге жаратуды қамтамасыз ету мақсатында мамандандырылған қабылдау пункті ашылды.
Екі күнге созылған іс-шара соңында жобаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге елеулі үлес қосқан қатысушылар мен жеңімпаздар марапатталады. Атап айтқанда, экофесттің бас жүлдесі Сырым ауданынан келген М. Қаналиев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің «Экоқорғаушылар» командасына бұйырды.Жүлделі ІІ орынды №14 ЖОББМ-нің «Эко әлем» командасы иеленсе, №16 ЖОББМ-нің «Green Team» командасы фестиваль лауреаты атанды.

Жеңімпаз команда мүшелеріне университетімізде даярланатын «Өнеркәсіптік экология» білім беру бағдарламасы бойынша оқу ақысының тиісінше 100%, 70% және 50% мөлшеріндегі білім гранттарын растайтын сертификаттар табысталды. Ал арнайы номинация иелері дипломдармен және сарапшылар тағайындаған сыйлықтармен марапатталды.Команда жетекшілеріне алғыс хаттар берілді.
БҚАТУ баспасөз қызметі