13.02.2026, 16:15
Оқылды: 21

Казталовта лапароскопиялық холецистэктомия сәтті жасалды

Казталов аудандық ауруханасы 64 жастағы зейнеткерді жоспарлы түрде қабылдап, өт-тас ауруына байланысты сәтті ота жасады. Науқас Жәнібек аудандық ауруханасы жолдамасымен келген.

5222112858626266065

Дәрігерлер қойған диагноз – калькулезді холецистит. Бұл диагноз өт қабында тастардың пайда болып, оның қабынуы кезінде қойылады. Ауру көбіне оң жақ қабырға астындағы қатты ауырсынумен, жүрек айнуымен, құсумен, ауыздың ащы дәмімен және дене қызуының көтерілуімен байқалады. Уақытында емделмеген жағдайда асқынуларға әкелуі мүмкін.

Ота түрі – лапароскопиялық холецистэктомия, яғни өт қабын іш қуысына арнайы құралдар мен бейнекамера енгізу арқылы шағын тіліктер арқылы алып тастау операциясы. Бұл әдістің артықшылығы – жарақаттың аз болуы, операциядан кейінгі ауырсынудың жеңіл өтуі және науқастың тезірек сауығуы. Хирургиялық араласу МӘМС жүйесі аясында тегін жүргізілді.

Аурухананың хирург дәрігері Алимжан Ерсаиновтың айтуынша, науқас оң жақ қабырға астындағы ауырсынуға және жүрек айнуына шағымданған. Тиісті зертханалық және ультрадыбыстық тексерулерден кейін жоспарлы түрде ота жасалып, асқынусыз өткен. Қазіргі таңда науқастың жағдайы қалыпты, дәрігерлер бақылауында.

Пациент Ғизатов Қабдрахим көрсетілген медициналық көмектің сапасына ризашылығын білдіріп, операцияның сәтті өткенін атап өтті. «МӘМС жүйесі аясында ота тегін жасалды. Дәрігерлерге алғысымды білдіремін», – дейді ол.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысының аудандық ауруханаларында да МӘМС жүйесі шеңберінде күрделі хирургиялық оталар сәтті атқарылып келеді. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

Сымбат Қыпшақбай

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының

Батыс Қазақстан облыстық филиалының бас сарапшысы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале