Бүгін Бисен ауылында су жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Салтанатты шараға БҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Марат Мұратов, аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, тиісті сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Облыс орталығынан арнайы келген басқарма басшысының орынбасары М.Мұратов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, тілегін білдіреді.
- Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде "Өрт сөндіру бөлімі әр ауылда заманауи талапқа сай болуы керек" деген еді. Президенттің осы тапсырмасына орай арнайы бағдарлама қабылданып, ауылдарда өрт сөндіру бекетін салу қолға алынуда. Бисендегі бүгінгі шара осының дәлелі, - деп полковник Мұратов әріптестерін ел игілігіне еселі қызмет етуге шақырды.

Ауыл ақсақалы Молдабай Минажеа:
- Ауылдың қауіпсіздігі деп өрт сөндіру бекетін салып беріңіздер. Бұл ауылдың ажарына сән қосқан ғимарат болды. Енді осы бекетке қызметкерлер тұрақты түрде қызметке алынса, ауыл азаматтары үшін нәпақа табар жұмыс орны , ауыл халқының тұрақтануына да әсер ететін игі іс болар еді, - деп көптің тілегін жеткізді.
Бекеттің лентасын қию рәсімі БҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Марат Мұратов пен аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновқа бұйырды.
Бекет құрылысын іске асырған - "Заман" шаруа қожалығы. Кәсіпкер Сағындық Сәрсенов символикалық кілтті ауыл әкімі Кенжебек Құрмашевқа табыстады.
Кенесары Нұршинов құрылысты сапалы жүргізген кәсіпкерге аудан басшы Нұрлыбек Даумовтың атынан алғыс хатпен марапаттады.

Айта кетелік, ғимаратта өрт сөндірушілердің жұмыс орнынан бөлек, демалатын орны, ас үйі, жуынатын орнына дейін қарастырылған. Бисендегі өрт сөндіру бекеті "Ауыл құтқарушы" бағдарламасы бойынша салынған алғашқы нысан. Жоба құны - 17 миллион теңге.
Анар Артықбай
Суретке түсірген Әділет Абдиров
Бөкей ордасы ауданы