Бүгін Теректі аудандық мәдениет үйінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл және тәжік-ауған ұрыс-қимылдарының аяқталғанына 25 жыл толуына орай «Тарихтан тағылым, ерліктен – өнеге» атты ауған соғысы және тәжік-ауған қақтығысының ардагерлерімен кездесу кеші өтті.

Аталған шарада аудан әкімі орынбасары Темірболат Сағынгереев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Қазиев бой көрсетті. Темірболат Мұхитұлы сөз кезегін алып:
- Бұл күн ел тарихында ерекше орын алатын, ерекше тағзым ететін сәт. Біз жыл сайын осы күнді еске алып, қиын кезеңдерде Отан алдындағы борышын абыроймен орындаған жандарды құрметтейміз. Ауған және Тәжікстандағы соғыс қимылдарына Кеңес әскері контингент құрамында Қазақстаннан мыңдаған азамат қатысты. Сіздер әскери антқа адал болып, жанқиярлықпен ерлік көрсеттіңіздер,-деп алғысын білдірді. Сондай-ақ тәжік-ауған ұрыс-қимылдарының ардагері Мәлік Султановты ҚР Қорғаныс министрлігінің «Арнайы жасақтағы қызметі үшін» медалімен марапаттады. Басқосуда қаза болған жауынгерлерге құрмет көрсетіп, еске алу мақсатында 1 минут үнсіздік жарияланды.
Жүздесу сәтінде «Контингент» ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауған соғысының ардагері Аязбек Киндербаев пен БҚО тәжік-ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алишер Ашурматовқа сөз кезегі берілді.

Сондай-ақ кездесу барысында 1993-2001 жыл аралығында Қазақстан әскерінің тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толуына орай арнайы марапаты мен алғыс хаты қоғамдық бірлестікпен тығыз жұмыс атқарып, ұйымдастыруға қатысқан белсенді үлесі үшін Теректі аудандық ішкі саясат бөлім басшысы Жандос Сұңғатовқа табысталса, Теректі ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Қаирова мен аудандық мәдени-демалыс орталығының әдіскері Виктория Нуралиева алғыс хатқа ие болды.
Аудандық кітапхана ұжымының «Жастығын жалын шарпығандар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар ардагерлерге арнап өнер көрсетіп, №1 Федоров ЖОББМ оқушылары өлең оқыды. Сонымен қатар жиналушылар назарына өткен мен бүгінді жаңа форматта көрсете білген бейнеролик ұсынылды.

Сұхбат барысында ардагерлер өз естеліктерімен бөлісіп, жас буынға бейбітшілік пен тәуелсіздіктің, ел алдындағы әскери борышты өтеудің маңызын жеткізіп, сондай-ақ қазір «білек сынасатын емес, білім сынасатын заман» екенін де атап өтті.

Тарихтың тірі куәгері, ерлік пен достықтың үлгісі болып отырған ардагерлермен сұхбат құрып, естеліктерін өз аузынан естуге жас буын үшін ерекше мүмкіндік туды. Жастығын оқ пен от астында өткізген майдангерлердің батылдығы кейінгі ұрпаққа ерліктің үлгісі әрі өнеге болмақ.
Қаламқас Саясатова
Теректі ауданы