Бәйтерек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев 2025 жылы атқарылған жұмыс бойынша есеп берді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, БҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ержан Төлегенов және ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің төрағалары zoom платформасы арқылы қатысты.
Мәлік Өтешев баяндағандай, кеңес құрамына 11 президиум мүшесі және 22 ауылдық округтің ардагерлер кеңесі төрағалары кіреді. Ардагерлерге қолдау көрсету мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық» арнайы жобасы іске қосылып, мерекелік күндер мен атаулы даталарда ауыл жастары ардагерлерге көмек көрсетіп, түрлі қолдау іс-шаралары ұйымдастырып келеді. Былтыр жыл басында кеңес төрағасы мен төралқа мүшелері ауданның 13 ауылдық округін аралап, кеңес мүшелерімен кездесіп, жылдық жоспарды талқылаған.

Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, ҚР Конституциясының 30 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына дайындық жұмыстары пысықталған. 2025 жылы ауданда 75, 80, 85, 90, 95 жасқа толатын мерейтой иелері анықталып, олардың туған күндерінде әр округте құрмет көрсетілген.
– Жыл бойы аудан көлемінде бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бір шаңырақ астында» мерекелік концерті өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлер арасында «Отан. Ерлік. Даңқ!» патриоттық әндер байқауы болды. Сондай-ақ аудандық орталық кітапханада «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс!» атты салтанатты іс-шара өткізіліп, тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік медальдар табысталды. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Азалы Алаштың аманаты» тағылымды іс-шарасы ұйымдастырылды. Шілде айында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуінде ел бірлігі мен этносаралық татулық мәселелері талқыланды.

1 қазан – Қарттар күніне орай аудан орталығында «Қариялар – өмір шежіресі» атты мерекелік концерт өткізіліп, қарияларға құрмет көрсетілді. Қараша айында ардагерлер арасында шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және дойбыдан спорттық жарыстар өтті. Сонымен қатар, қазан-қараша айларында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында жастармен және студенттермен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында кездесулер ұйымдастырылды, - деді Мәлік Сейсенбайұлы.
Жиында аудандық ардагерлер ұйымының 2025 жылы атқарған жұмысы туралы есеппен қатар, ұйымның пленумын (президиумын) сайлау, аудандық ардагерлер кеңесі мүшелерін қайта бекіту және төрағаны сайлау мәселесі де қаралды. Нәтижесінде Мәлік Өтешев аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы болып қайта сайланды.
– Ардагерлер кеңесі аудан өміріндегі маңызды қоғамдық институттардың бірі. Атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да бірлескен жұмыстар жалғасын табарына сенімдімін, - деген аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ерсайынұлы ардагерлер кеңесінің жұмысына оң баға беріп, Мәлік Сейсенбайұлының алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Г. Баделова,
Бәйтерек ауданы