1967 жылы туған әйел адам емханадан берілген жолдама бойынша қалалық көпбейінді аурухананың гинекология бөлімшесіне жоспарлы түрде жатқызылды. Науқас жатырдың төмен түсуі диагнозымен жүгінген. Оның айтуынша, жасалған операция сәтті өткен, барлық ағзалар сақталған. Операция МӘМС аясында тегін жүргізілді.

Гинеколог Эльдар Амантайұлының түсіндіруінше, пациент қынап күмбезінің толық апикальді пролапсымен түскен. Науқасқа заманауи торлы имплантты қолдану арқылы ағза сақтайтын реконструктивті-пластикалық операция жасалды. Операция барысында жатыр мен оны ұстап тұратын байламдар алынбай, керісінше, олардың анатомиялық беріктігін күшейту мақсатында арнайы медициналық тор байлам бойына бекітілді. Нәтижесінде қынап күмбезі жоғары көтеріліп, жамбас ағзаларының қалыпты орналасуы қалпына келтірілді.
Дәрігердің айтуынша, көпшілік арасында жатыр төмен түскен жағдайда оны міндетті түрде алып тастайды деген қате түсінік бар. Қазіргі медицинаның мүмкіндіктері көптеген жағдайларда ағзаны сақтап қалуға мүмкіндік береді. Түрлі торлы протездер мен пластикалық әдістердің көмегімен қынап қабырғалары нығайтылып, физиологиялық құрылымы қайта қалпына келтіріледі.
Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы жақсы, емнен кейінгі кезең асқынусыз өтуде. Мұндай жоғары технологиялық операциялар медициналық көрсеткіш болған жағдайда және тиісті жолдама негізінде МӘМС жүйесі арқылы тегін орындалады.
Маман әйелдерге денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жылына кемінде екі рет гинекологиялық тексеруден өтіп тұруды ұсынады. Уақытылы қаралу — көптеген аурулардың алдын алып, асқынудың жолын кесудің тиімді тәсілі.
Автор: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының БҚО филиалының бас сарапшысы Сымбат Қыпшақбай