Ұлттық Банкте тұрғын үй жинақтары қандай шарттармен қалыптасатынын түсіндірді. Қазақстанның коммерциялық банктеріндегі тұрғын үй-құрылыс жинақтары салымшыларға мемлекеттік сыйлықақы түріндегі қолдауды қарастырмайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Ұлттық Банктің түсіндіруінше, екінші деңгейлі банктердегі тұрғын үй-құрылыс жинақтарының шарттары нарықтық қағидаттар негізінде қалыптастырылады және мемлекет тарапынан бірыңғай міндетті параметрлермен реттелмейді.
- Коммерциялық банктер тұрғын үй-құрылыс жинақтарының шарттарын банк және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтай отырып, дербес айқындайды. Жинақтаудың ең төменгі мерзімі мен көлемі, сондай-ақ депозиттер мен қарыздар бойынша мөлшерлемелердің бірыңғай міндетті параметрлері белгіленбейді, - деп хабарлады Ұлттық Банк.
Реттеуші орган мұндай өнімдерді әзірлеу барысында банктер олардың ашықтығы мен клиенттер үшін түсініктілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй жинақ жүйесінің негізгі қағидатын сақтауға міндетті екенін атап өтті.