ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин аймаққа жұмыс сапарымен келді. Ол өңірдегі өндіріс орындарының тыныс-тірлігімен танысып, бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізеді. Вице-премьер облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ-да болды.

Ұн және макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорында 500-ден астам адам еңбек етеді. Мұндағы сапалы өнім ішкі нарықты айтпағанда Армения, Ауғанстан, Түрікменстан, Ресей Федерациясы, Молдова мемлекеттеріне экспортталады.

«Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ директоры Алмагүл Хамитова Үкімет басшысының орынбасары бастаған делегацияға №3 макарон фабрикасының цехын көрсетіп, өндіріс технологиясын таныстырды. Кәсіпорын жобалық қуатын арттырып, өнім түрлері мен көлемін кеңейту мақсатында төртінші фабриканы салды.

Оның жұмысын жүйелеп, іске қосу үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет. Серік Мақашұлы тамақ өнеркәсібін дамыту, әсіресе әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін шығаруды ынталандыру күн тәртібінен түспейтінін айтып, құзырлы мекеме басшыларына мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тетіктерін қарастыруды тапсырды.
Фотоға түсірген: Мейірбек Тажқұранов
zhaikpress.kz
