Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин «Кублей» ЖШС-да болып, өндірістік қуатымен танысты. Еліміздегі ең ірі салық төлеушілерінің бірі саналатын іргелі кәсіпорынның жұмысы туралы серіктестік директоры Талғат Берекешев баяндады. Зауыт ет пен өсімдік қалбырлары мен деликатестер, сондай-ақ теңіз және өзен балығынан жасалған өнім түрлерін алыс-жақын шет елдерге экспорттайды.

Халықаралық сапа менеджменті жүйесі енгізілген кәсіпорында 701 адам жұмыс істейді. Мал сою цехы 2 желіден тұрады. Мұнда ауысымына 400 бас ірі қара, 1 мыңдай қой союға мүмкіндік бар. Ет өңдеу цехтары толықтай автоматтандырылған, онда жоғары сапалы еуропалық жабдықтар орнатылған.

Кәсіпорын өңделетін шикізаттың басым бөлігін шетелден сатып алуға мәжбүр. Компания жетекшісі мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын, осы бағытта да шаруалармен ынтымақтастықтың артуына ықпал етсе деген ұсынысын жеткізді.

Серік Жұманғарин іргелі кәсіпорынның жұмысын оң бағалап, көтерілген мәселелерді шешу бойынша орталық және жергілікті мемлекет орган басшылығына нақты тапсырмалар берді.
Фотоға түсірген: Мейірбек Тажқұранов
zhaikpress.kz
