Бүгін Жаңақала мектеп-гимназиясында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қоғамда белең алып отырған сталкинг пен ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында түсіндіру шарасы өтті.
Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрғали Ғаббасов, аудандық аурухананың отбасын жоспарлау кабинетінің акушеркасы Айдана Дәулетова, Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік маманы Асылхан Иманов, аудандық көші-қон қызметінің аға инспекторы, полиция лейтенанты Мәриям Ибрашева, сондай-ақ аудан орталығындағы білім ошақтарының жоғары сынып қыз балалары мен ұстаздар қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Айдана Жасұланқызы ерте жүктіліктің тек медициналық мәселе емес, сонымен қатар жасөспірімнің денсаулығына, психологиялық жағдайына, білімі мен болашағына тікелей әсер ететінін кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, жасөспірімнің ағзасы мен психикасы толық қалыптасып үлгермегендіктен, аналық жауапкершілікті көтеру қиынға соғады. Сондықтан әрбір жас саналы шешім қабылдап, өз болашағына жауапкершілікпен қарауы қажет. Ал Асылхан Нұркенұлы, Мәриям Амангелдіқызы және Нұрғали Сағынғалиұлы сталкингтің алдын алу мәселесіне тоқталды. Мамандардың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа 115-1-бап – «Сталкинг» ұғымын енгізу туралы заңға қол қойған. Бұл түзету азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында қабылданып, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Жалпы, сталкинг – адамның еркіне қарсы, онымен тұрақты түрде байланыс орнатуға тырысу, заңсыз қудалау арқылы психологиялық қысым көрсету әрекеті. Жаңа бапқа сәйкес сталкинг жасағаны үшін:
-200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу;
-200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту;
-50 тәулікке дейін қамау жазалары қарастырылған. Егер қудалау әрекеттері қорқыту, бопсалау немесе зорлық-зомбылықпен ұштасса, кінәлі тұлға Қылмыстық кодекстің өзге баптары бойынша неғұрлым қатаң жауапкершілікке тартылады.
Мамандар сталкингтің екі түрі бар екенін атап өтті:
Тікелей сталкинг – ізінен қалмай аңду, рұқсатсыз кездесуге мәжбүрлеу, физикалық қауіп төндіру;
Киберсталкинг – әлеуметтік желілер арқылы үздіксіз хат жазу, жеке суреттерді тарату, жалған аккаунттар ашып, қорқыту хабарламаларын жіберу. Сондай-ақ Нұрғали Сағынғалиұлы қыз баланы еркінен тыс алып қашып, некеге мәжбүрлеу де қылмыс екенін атап өтті. ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабына сәйкес, кінәлі азаматқа 2000 АЕК көлемінде айыппұл салу, түзеу жұмыстары немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Осыған орай ЖРО мамандары оқушыларға некеге мәжбүрлеу жағдайында жасалатын іс-әрекеттер көрсетілген жадынама таратты.
Жиын соңында мамандар сталкинг құрбаны болмау үшін қажет жағдайда күмәнді адаммен байланысты шектеу, дәлел болатын хабарламаларды сақтау, ата-анамен ашық сөйлесу, сондай-ақ қажет жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну керектігін ескертті.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы