Бәйтерек ауданында 53 қыстақ бар. Бүгінде олардың бәрі қыстан қысылмай шығып келеді. Жол бар, жем-шөп жеткілікті, малдың күйі жақсы. Шаруалардың да жағдайы жаман емес. Оған аудан әкімі Марат Тоқжанов қыстардың жай-күйімен танысқан кезде тағы бір мәрте куә болды.

Аудан басшысының сапары Переметный ауылдық округіне қарасты «Қажығалиева» шаруа қожалығынан басталды. Құрылғанына бес жыл болған шаруашылық негізінен әулиекөл сиырын өсірумен шұғылданады. Қазір 100 бастан аса аналық бар. Айта кету керек, бұл қожалық - мұндай тұқымды ірі қара малын өсіріп отырған ауданымыздағы бірден бір шаруашылық. 150 бас жылқының ішінде бәйге аттары да күтіліп бапталуда. Механизатор, аспаз, мал дәрігері, атбегі сияқты жандар тұрақты еңбек ететін қожалық 4 трактормен, шөп шабуға, жинауға арналған агрегаттарымен қамтылған. Осы техникаларының көмегімен қысқа 3 мың бума шөп дайындаған. 40 тонна жем түсіріп алған. Мұнда үй де, қора-қопсы да жаңадан салынған. Сол себепті қыстан қысылмай шығып жүр.

Янайкин ауылдық округінде бес қыстақ бар. Солардың ішінде екі шаруашылық округ орталығынан қашықтау, Ақжайық ауданы аумағымен шекаралас жерде орналасқан. Аудан басшысы осы қос қыстаққа барды.
2017 жылы құрылған «Жебе» қожалығы Көшім каналының маңында орналасқан. Қасым Зұлқашев жетекшілік ететін шаруашылықта 750 бас ірі қара, 495 бас жылқы, 600 бас қой-ешкі өсірілуде. Мұнда 7 адам өздерінің нәпақасын тауып жүр. 3 мың гектардан астам жерде жайылым, шабындық бар. Енді көпжылдық мал азықтық шөптер егу жоспарлануда. «Былтыр жазда біздің жаққа 100 мың бастай киік келді,-деді ол.-Сол себепті жөнді шөп болмай, қысқа дейін мал азығын дайындаумен жүрдік. Нәтижесінде 5 мың бумадай шөп жинадық. 100 тоннадай жем түсірдік. Қаңтарда жаңбыр жауып, артынан ауа райы суытып, тебін болмай мал тұрып қалып, сәл-пәл қиындықтар болды. Қазір күн жақсарды ғой. Қолдағы мал азығымыз жетіп қалар деп үміттеніп отырмыз. Басқалай туындап жатқан өзекті мәселе жоқ».
Онымен көршілес орналасқан «АрНұр» қожалығы - аудандағы ең жас шаруашылықтың бірі. 2023 жылы құрылған. Қожалық басшысы Айбек Қасымов та - жалындап тұрған жас жігіт. Оның айтуынша, қыстақта 450 бастай мал бар. Олар өздерінің 4 тракторымен қыс маусымына арнап 5 мың бума шөп дайындаған. 60 тоннадай жем алды. Қожалықта 5 адам еңбек етеді. Қыстаққа өзінің әкесі Асылбек Біләлов жетекшілік етеді.

Бәйтеректе қыстардың дені Көшім ауылдық округтарында орналасқан. Мұнда олардың саны жиырмадан асады. Солардың ішініен Өркен ауылы маңында орналасқан «Бәйтерек-ет» пен «Файнуллин» шаруа қожалықтарының да қысқа дес бермей шығып келе жатқандығын аудан басшысы жоғары бағалады.
-Жыл сайын осындай уақыттарда қыстақтардың жағдайымен танысып шығамын. Мал өсіріп отырған жерлестеріміздің қал-ахуалын білу, орын алған мәселелер болса, оларды шешуге көмектесу – біздің міндетіміз,-деді Марат Лұқпанұлы.
Қыстақтағы малдың жай-күйін әкіммен бірге бағамдаған аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин мен аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев шаруаларға мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, шаруашылықты дамыту мүмкіндіктері туралы айтты.

Шаруалар өз кезегінде мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде аяқтарынан нық тұра бастағаныдарын жеткізіп, сол үшін де үкіметке ризашылықтарын білдірді. Арнайы келіп, жағдайларымен танысқаны және шаруагер қауымды әрдайым барынша қолдап жүретіні үшін аудан басшылығына алғыстарын айтты.
Сәкен Мұратұлы
Бәйтерек ауданы