24.02.2026, 11:15
Оқылды: 25

Қадыр Қазынасының құпиясы

Таяуда Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы төрінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын-өнертанушы Дәулеткерей Құсайыновтың «Ақын мұрасы – алқа назарында» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шара облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне өңірдің зиялы қауым өкілдері, мектеп оқушылары мен кітапсүй-ер қауым қатысты.

DSC00255.JPG (1)

Әуелден аталған орталықтың негізгі бағыты – Қадыр шығармашылығын насихаттау, ақын мұрасын зерттеу мен зерделеу. Соңғы жылдары орталық музей қорындағы Қадырдың құнды жәдігерлері мен жеке кітапханасы негізінде жүргізілген ғылыми ізденістер әлеуметтік желі арқылы тұрақты жарияланып келгені белгілі. Сол еңбектер енді бір арнаға тоғысып, оқырман қолына кітап болып тиді.

Ресми ашылу сөзін Қадырсарайдың басшысы Талғат Мықи сөйлеп, Қадыр мұрасын ұлықтау бағытындағы жүйелі жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бұл еңбек – өңір руханияты үшін ғана емес, ұлттық әдебиеттану кеңістігі үшін де маңызды қадам.

DSC00229.JPG

– Бұл – автордың бір жыл бойы табандылықпен атқарған еңбегінің жемісі. Осы уақытқа дейін орталық Қадыр Мырза Әлидің көпшілікке белгілі шығармаларын насихаттап келсе, Дәулеткерей аға өткен жаздан бастап ақынның өмір бойы жинаған ең асыл қазынасына – жеке кітапханасына терең үңілді. Бұл жай ғана кітап сөрелерін түгендеу емес, Қадыр әлемінің ішкі қабаттарына саяхат іспетті жұмыс болды. Ақын әр кітабын белгілеп, астын сызып, ишара қалдырып оқыған. Жылдар өте сол белгілерге қайта оралып, санасын жаңғыртып отырған. Демек, бұл кітапхана – үнсіз тұрған  томдар жиынтығы емес, ақынның ой картасы, рухани зертханасы. Тіпті, кітаптары­ның арасында талай сыр бүгіп жатқан парақтар да бар. Бүгінде Қадырдың 10 мыңнан астам кітап қорының 6767 данасы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы музейінде  сақтаулы. Бұл деректің өзі Қадырдың тек ақын ғана емес, терең ойлы зерттеуші, зерделі оқырман болғанын айқын көрсетеді. Дәулеткерей ағаның осы еңбегі – үлкен жауапкершіліктің, рухани адалдықтың көрінісі. Мұндай ауқымды мұраны парақтау үшін сабыр да, қуат та, табандылық та қажет. Егер әр отыз кітаптан жеке жинақ жасалса, 6767 кітаптың өзінен талай том дүниеге келер еді. Біз Дәулеткерей ағаның бұл бағыттағы ізденісі жалғасады деп сенеміз және осы еңбегі үшін дән ризашылығымызды  білдіреміз, – деді Талғат Жұмабекұлы.

Кітаптың алғысөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат  Сабыр елеулі еңбек хақында былай деп ой толғайды:

– «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен тең» деп Лев Толстой айтқандай, Қадыр ақын әр кітабын аялай оқыған. Керек жерін сызып, әрбір әдемі ойға өз пікірін қарындашпен жазып отырған. Түсініксіз сөздер, орфографиялық қателер болса көрсетіп, белгілеуден жалықпаған. Ақынның жеке кітапханасы – жеке жинақ қана емес, сонымен бірге сол тұлғаның ой-өрісі мен әдеби әлеміне тереңірек үңілуге мүмкіндік беретін маңызды дереккөз. Бұл еңбек Қадыр ақынның шығармашылық зертханасы туралы іргелі ғылыми зерттеулердің – басы, жөн сілтер жолкартасы болуымен де құнды, – деді ол.

Кітап ауторы Дәулеткерей Құсайынов өз сөзінде еңбектің жазылуына түрткі болған себептерді тарқатты. Ол Қадыр мұрасын жүйелі түрде насихаттаудың, музей қорындағы деректерді ғылыми айналымға қосудың маңызын атап өтті.

– Бұл оқиға осыдан 11 жыл бұрын басталды. Мына ғимарат бой көтерген тұста, сол кездегі облыс басшысы Нұрлан Ноғаев: «Алматыға барып, Қадырдың жеке кітапханасын көзбен көру керек» деп арнайы тапсырма берген еді. Қадыр ағаның жары қарсы алып, ақынның өмір бойы жинаған рухани қазынасын нұсқап тұрып: «Мына жерден ана жерге дейін аласыздар ғой», – деген сәт әлі күнге дейін көз алдымда. Көзім де, көңілім де тойып қайттым. Бірақ өмір бойы кітаппен жұмыс істеген жан ретінде мұндай мол қорды елге жеткізу оңай шаруа емес екенін бірден түсіндім. Кітаптарды жанр-жанрға бөліп, мұқият сұрыптап, әрқайсын қаптап, жүйелі түрде жеткізу қажет болды. Ақырында 3-4 кітапханашы Алматыға барып, ағаның кітаптарын жинақтап, елге аттандырды. Нәтижесінде 6767 кітап әкелінді. Бұл – Қадыр Мырза Әлидің 76 жыл ғұмырында жиған рухани байлығы.

Қадыр аға өте терең білімді адам еді. Мәселен, кітап бетіне қойылған бір ғана белгісінің мәнін түсіну үшін кейде 15 кітап оқуға тура келеді. Бұл жай белгі емес, ойдың кілті. Солай зерттелген кітаптар бұлар, – деді Дәулеткерей Атауұлы.

Осы сөздерден кейін ол домбырасын қолына алып, күй тартты. Күйдің қоңыр үні кештің көрігін қыздырып,  айтылған әңгімелер күй ырғағымен  жалғасқандай әсер  қалдырды.

DSC00275.JPG

Кітаптың лентасын қию құрметі «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО фи-лиалының төрайымы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын-жазушы Дариға Мұштанова мен Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетовке ұсынылды. Олар құттықтау сөз сөйлеп, Қадыр мұрасын жаңаша пайымдауға жол ашқан аутор еңбегіне жоғары баға берді.

Айта кету керек, кітап Қадыр орталығының бастамасымен және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жарық көрді. Сондай-ақ Сырым ауданы әкімдігі демеушілік жасап, игі іске айтулы үлес қосты.

Ерке Мереке,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале