24.02.2026, 13:00
Оқылды: 20

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полковник А. Оразәлиевтің назарына!

Нөмірі  көрінбейтін  көліктер өріп  жүр...

Автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің анық көрінуі – Жолда жүру ережесінің негізгі талаптарының бірі.  Әрі бұл жайт автокөлік айдау мәдениетінің де басты қағидаларының бірі екендігі даусыз. Ал біздің  Орал қаласының көшелерінен нөмірі бес батпан балшық-шалшықтан көрінбейтін автокөліктерді тым жиі ұшыратасыз. Біздің бұл уәжімізге мына фотосуреттер нақты айғақ, айқын дәлел. Нөмірі «пәренже» жамылған көліктердің арасында тіпті, №6 бағыттағы қоғамдық жолаушы тасымалына жегілген шағын аутобос та бар. Темір тұлпарының нөмірін жууға ерінетін немесе әдейі жумайтын аутожүргізушілерді полиция қызметкерлері әлсін-әлсін рейд өткізіп, неге тәубаға келтірмеске?! Автоарғымағының нөмірінің тазалығына салдыр-салақ қарайтындар әгәрки жол-көлік оқиғасына (ЖКО) себепкер бола қалса, оқиға орнынан дереу табанын жалтыратып, лезде тайып тұратын оларды табу қиын. Себебі, ЖКО-дан зардап шеккен адам кінәлі кісінің мәшинесінің нөмірін полиция қызметкеріне нақты айта алмайды. Демек, нөмірін жумай жүретіндердің міне, осындай сасық қулығы болуы да әбден кәдік. Ендеше, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы, полковник А. Оразәлиевке «Орал өңірі» газетінің мың-сан оқырмандарының атынан аталмыш мәселе бойынша жиі-жиі рейд ұйымдастыруға ұйытқы болып, көлігінің нөмірі көрінбейтіндерді тәртіпке шақырып, тәубаға  түсіруді  аманаттаймыз.

«Орал өңірі» газетінің редакция  алқасы

 

 

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабы:

Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу

  1. Мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері (белгісі) оқылмайтын немесе ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тіркелген көлік құралын басқару – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлсалуға әкеп соғады.

Редакциядан: Биылғы айлық есептік көрсеткіш – 4325 теңге. 4325х5=21 625. Егер көлік жүргізуші бір аптаның ішінде айыппұлды төлемек болса, онда ол  50% шегеріммен төлейді.

7c81b689-eb6c-4303-9238-f30582653c78 35d7765c-318d-45a3-8191-b58d18394abd a02621ee-2e21-4322-b934-29b1d30580ce 38720143-f17f-4bc9-9b24-b73e9b51d1e1 cd7f624a-0312-4dcc-b097-9f7e08575e38 (1) АУТОБОС5 f6855d3a-fcdc-4467-a965-14dc99be9994 cd7f624a-0312-4dcc-b097-9f7e08575e38 bad26440-a46e-4f8f-8386-236ef7e72217

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале