Жақында ауданымызда аудандық “Жас туристер станциясының” ұйымдастыруымен “Өлкетану және музей” инновациялық әдістер мен технологиялар атты облыстық семинары өтті. Аталған семинар өлкетану және музей жұмысында инновациялық әдістер мен заманауи технологияларды қолдану тәжірибесін тарату, педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру және мектеп музейлерінің тәрбиелік әлеуетін күшейту мақсатында оздырылған.

Облыстық семинар ауданымызда 17-19 ақпан аралығында өтті. Семинарға Батыс Қазақстан облысының білім беру мекемелерінің музей жетекшілері мен әдіскерлері қатысты. Шара танымдық курс, пленарлық жұмыс, шеберлік алаңы және марапаттаудан тұрды.
Іс-шараның алғашқы күні қонақтар ауданымыздың музейлеріне экскурсия жасады. Алдымен қонақтар аудандық өлкетану музейінде “Өлке шежіресі - ұрпаққа аманат” тақырыбында, кейіннен “Хуторок” украин ұлтының музейінде “Музей экспонаттарының сыры” тақырыбында экскурсия тамашалады.

Екінші күн пленарлық жұмыспен басталды. Аталған шара аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Тоты Нұғманованың алғы сөзімен бастау алды. Пленарлық жұмыс барысында шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қорды есепке алу бөлімінің қор сақтаушысы Шолпан Абдикенова онлайн түрде қосылып, “Қорды есепке алудың маңызы және есепке алу құжаттарының түрлері”, ал Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин “Музей жәдігерлерін сақтау мәдениеті: жүйелеу мен каталогтың маңызы” тақырыбында баяндамасын таныстырды.
- Бүгінгі жиынға Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық аудандардан музей саласының мамандары келіп қатысып жатыр. Бұл өте қуантарлық жағдай. Себебі музей ісін дамыту бұл болашақ ұрпақты, болашақ жастарды тәрбиелеу үшін ең қажет көмекші құралдың бірі болып саналады. Бұл шараға біз Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі тарапынан жасалып жатырған жұмыстарды таныстыру және сол бағыттағы жүйелі жұмыстардың қандай деңгейде атқарылып жатқанын білу, бір жағынан пікір алмасу үшін арнайы қатысып отырмыз. Осындай шаралар мектеп музейлері үшін өте маңызды. Себебі олар халықпен тығыз қарым қатынаста және оқушыларды тәрбиелеуге тікелей үлес қосып жатыр, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлы.

Әрі қарай қатысушылар пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Шара барысында облысымызға қарасты аудандық мектеп музейлерінің тыныс-тіршілігімен танысып, қонақтарға өз ауданымыздың мектеп музейлері туралы ақпарат берілді.

- Семинар өлкетану жұмысын заманауи бағытта дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шара. Инновациялық технологиялар өлкетану педагогикасын жоғары деңгейде дамытады деп есептейміз. Сондықтан бұндай семинарлар бізге өте қажет. Ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз, - дейді

Казталов ауданы Ғұмар Қараш атындағы мектеп гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі, тарихи-өлкетану мұражайының жетекшісі
Нүрия Сапарова.
Сондай-ақ семинар барысында аудандық Жас туристер станциясы туризм бөлімінің меңгерушісі Азамат Сабитов “Жорық кезінде өлкетанулық жұмыстардың маңызы” тақырыбында әріптестерімен ой бөлісті. Облыстық семинарға қатысқан Қаратөбе және Сырым ауданынан келген мектеп музейінің жетекшілері де сөз алып, баяндамаларын таныстырды. Әрі қарай қатысушылар марапаттау рәсімі мен шеберлік алаңына қатысты.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы