Жәнібек аудандық орталық кітапханада обылыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен республикалық референдумға дайындық мәселесіне арналған актив отырысы өтті.

Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері, ауыл әкімдері, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Актив отырысына өңір басшысы төрағалық етіп, алдағы маңызды саяси науқанның мән-маңызына кеңінен тоқталды. Өз сөзінде ол ағымдағы жылдың 15 наурызында өтетін республикалық референдумға дайындық барысы баршаға ортақ жауапкершілік жүктейтін маңызды міндет екенін атап өтті.

– Бүгін біз мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды кезең - алдағы республикалық референдумға дайындық мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз. Референдум халықтың ерік-жігерін тікелей білдіретін, ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды демократиялық құрал. Сондықтан оны Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өткізу басты міндетіміз, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, сайлау комиссияларының, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқаратыны атап өтілді. Әсіресе, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Жиын барысында референдумды ұйымдастыру жұмыстары сапалы, жүйелі және заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс екені айтылып, нақты міндеттер айқындалды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Жәнібек аудандық мәслихатының төрағасы, референдумды өткізу жөніндегі аудандық штаб төрағасы Тахир Қадимов баяндама жасап, дайындық барысы туралы кеңінен ақпарат берді.

Сонымен қатар ардагер ұстаз, штаб мүшесі Гүлнәр Хайрлиева сөз сөйлеп, референдумның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Жәнібек аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Меңдіхан Халиханов та сөз алып, жастардың алдағы референдумға белсенді қатысуы – ел ертеңіне деген жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін атап өтті. Ол жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, құқықтық мәдениетті арттыру және азаматтық белсенділікті күшейту бағытында нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді.
Актив отырысының қорытындысында жиынға қатысушылар жаңа Конституция жобасына қолдау білдіретінін айтып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беретінін жеткізді.
Бану Берікқали,
Жәнібек ауданы