25.02.2026, 15:01
Оқылды: 245

БҚО-ның Сырым ауданында тоғыз жасар бала екі інісін өртенген үйден алып шықты

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында тоғыз жасар бала екі інісін жанып жатқан үйдің ішінен алып шыққан.

photo-output

Оқиға былай өрбиді. 16 ақпан сағат 10:11- де Сырым аудандық 14-інші өрт сөндіру бекетіне Аралтөбе ауылы Базарбаев көшесі, 8 мекенжайында орналасқан тұрғын үй отқа оранғаны туралы хабар түсті.

Бекет бастығы, азаматтық қорғау капитаны Самат Аблаевтың айтуынша, жеке құрам мен өрт сөндіруші техника оқиға орынына 10:48-де жетіп, жиырма минуттың ішінде өртті ауыздықтаған. Бірақ үй адам тұрғысыз болып қалды.

Жатын бөлмеден басталған жалын әп-сәтте үйді түгел шарпыған екен. Қабырғаның бәрі қара күйе.
…Інілерімен төргі бөлмеде теледидар көріп отырған Бейбарыс аяқастынан жарықтың өшіп қалғанын байқайды. Шығып қараса, көрші бөлмеден түтін будақтап, қызыл жалын есіктің етегіне жармасқан екен. Ыстығы бет қарып барады. Сол кезде Бейбарыс ерге тән шешім қабылдады. Екі жасар інісін жетектеп, сегіз айлық бөпесін көтеріп, дереу сыртқы есікке ұмтылды. Күнде екі аттап жететін бөлменің мына беті мен ана басының арасы алыстап кеткендей. Түтін иісі алып барады.

Қара түтіннің арасынан екі бауырын құшақтап шығып келе жатқан тоғыз жасар бала өзін қосқанда үш тағдырды ажалдың ауызынан құтқарып жатқанын сезген де жоқ.

Бейбарыстың айтуынша, отты көрген кезде есіне бес баланың өліміне себеп болған Жымпитыдағы қайғылы жағдай түскен.
- Үйдің іші көк түтін болып кетті. Бәрі жанып жатты. Інілерім тұншығып қалар деп алаңдадым. Күн аяз болды, тоңатынын білдім, бірақ өртеніп жатқан үйде де қалдыра алмадым. Сосын сыртқа алып шықтым. Анама хабарласып, үйдің өртеніп жатқанын айттым! - депті.
⁠Бейбарыс кейін көкесі Мәдиге хабарласқан.

Баспаналары отқа оранған жанұяның жағдайымен танысу үшін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов пен Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева арнайы барды. Қазіргі уақытта киім-кешегі, дүние-мүлкі отта қалған отбасыға Аралтөбе ауылынан уақытша баспана ұсынылды. Жұмагелді Батырниязов тілсіз жаудан зардап шеккен әулетке барлық қолдау шаралары ұйымдастырылатынын, тұрғын үй мәселесі де үйлесетінін айтты.

Жақында Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Ержан Жонисов екі інісін өрттен алып шыққан кішкентай батырды құрметпен қабылдап, алғысын айтыпты.

photo-output

Бейбарыс Тілекберген Аралтөбе мектебінің 3-сыныбында оқиды. Оқуда озат. «Зерде» оқушылар арасындағы республикалық жобалар сайысының аудандық кезеңінің жеңімпазы, облыстық кезеңнің ІІ орын иегері. Әкесі Фазыл - аймаққа танымал атбегі.

Фазыл мен әйелі Айзада бес перзент тәрбиелеп отырған берекелі шаңырақ. Әке - аналары да төрлерінде.

photo-output

Дүниенің жыртығы жамалар. Бастысы - бәрі де аман. Алайда, екі інісін өрт ішінен алып шыққан тоғызға да толмаған Бейбарысты қоғамға үлгі етуге тиіс шығармыз. Біздіңше, ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігі батыр баланың ерлігін бағалауы керек. Ал қолы ашық, жүрегі жомарт жандар жалыннан зиян тартқан жанұяға жәрдемдесеміз десе, біз «Сырым елі» газетінің редакциясы аманатты жеткізуге дайынбыз.

Байланыс үшін: 87055121644

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале