25.02.2026, 15:20
Оқылды: 60

Баламасы жоқ зауыт Жәнібекте

Өңір басшысы Жәнібек ауданындағы жұмыс сапарын "EcoClub" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде аяқтады. Бүгінде ауданымыз жыл санап көркейіп, жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, еңбекқор азаматтардың бастамасымен түрлі бағыттағы шағын кәсіпорындар ашылып, халықты жұмыспен қамтуға өз үлесін қосуда. Соның жарқын дәлелі бүгін куә болып отырған жаңа өндіріс орнының іске қосылуы.

WhatsApp Image 2026-02-25 at 15.42.35

Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ұлттық қолөнерді жаңғыртып, аудан халқына пайдалы кәсіп көзін ашуды мақсат еткен ауыл азаматы Бауыржан Сабанов тері өңдеу ісін жандандыруды қолға алып отыр. Жаңа кәсіпорынның басты мақсаты жылқы мен ірі қара малдың терісін өңдеп, мал азығы қоспасы мен сапалы өнім шығару арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуды қамтамасыз ету. Жоба құны – 630 млн теңге, ал оның өнімділігі айына 200 тоннаға жетеді. Бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті шикізатты кәдеге жаратуға бағытталған маңызды қадам.

WhatsApp Image 2026-02-25 at 15.42.32 (1)

Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев:

- Өздеріңіз білесіздер, кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында кәсіпкерлік саласына айрықша мән беріп, оның ел экономикасындағы маңызын нақты атап өтті. Соның нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлікті дамытуға қомақты қаржы бөлініп жатыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығына арналған түрлі бағдарламалар арқылы 50 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға берілді. Сонымен қатар 32 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз субсидия бөлінді. Яғни, өңірге ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға барлығы 82 миллиард теңге бағытталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көрсеткішін 70 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Ауылдардағы шағын және орта бизнес жаңа жұмыс орындарының көзі. Бүгін ашылғалы отырған цехта 20-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Халықпен кездесулер барысында жиі көтерілетін мәселелердің бірі – мал терісі мен жүнін кәдеге жарату болатын. "Қайда өткіземіз? Қалай өңдейміз?" деген сұрақтар көп айтылатын. Енді, міне, сол мәселенің нақты шешімі қолға алынып отыр. Бұл кәсіпорында тері өңделіп, мал азығына қажетті өнімдер, яғни протеин өндірілетін болады. Осындай өндірістерді облыс көлемінде қолдау біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл жоба толық жүзеге асса, өңірімізде көптен бері қордаланып келе жатқан тері мәселесі өз шешімін табады. Бүгінгі теріні өңдеп, сапалы өнім шығаруға бағытталған зауыттың басшысы Бауыржан Қанатұлына және серіктесі, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Асылбек Айкеновке алғысымызды білдіреміз. Жобаның сәтті жүзеге асатынына сеніміміз мол. Батыс Қазақстан облысында өндірілетін тері өнімдерін ішкі нарықпен қатар, халықаралық деңгейде экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар. Бұл кәсіпорын өңір экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа белестерге жол ашады деп сенеміз. Жобаның басталуымен баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Кәсіпорын табысты жұмыс істеп, ел игілігіне қызмет ете берсін! - деді өңір басшысы.

WhatsApp Image 2026-02-25 at 15.42.32

Әрі қарай сөз алған теріні өңдеп, одан протеин өндіру технологиясын әзірлеген Асылбек Назымбекұлы жобаға сәттілік тілеп, бұл бастаманың ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беретінін атап өтті. Ол жаңа өндірістің өңір экономикасын дамытуға, қалдықсыз технологияны енгізуге және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін ерекше айтты.

Сондай-ақ цех басшысы Бауыржан Сабанов сөз алып, жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс әкіміне және аудан әкімдігіне шынайы ризашылығын білдірді. Өз сөзінде бұл кәсіпорынның Қазақстан бойынша үшінші болып ашылып отырғанын атап өтіп, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімді ішкі нарықпен қатар экспортқа шығаруға ниетті екендерін жеткізді.

WhatsApp Image 2026-02-25 at 15.42.31 (2)

Ашылу салтанатынан кейін келген меймандар жаңа іске қосылған тері өңдеу зауытын аралап көрді. Өндіріс орнындағы заманауи құрылғылардың жұмысымен танысып, технологиялық үдерістердің барысын тамашалады. Мамандар цехтың жұмыс тәртібі, өнім өндіру кезеңдері мен сапа бақылау жүйесі туралы жан-жақты мәлімет берді. Қонақтар жаңа өндірістің мүмкіндіктеріне оң бағасын беріп, бастамаға сәттілік тіледі.

Бану Самат, 

Жәнібек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале