Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен аудандағы мал шаруашылығын дамыту және осы салада қордаланған мәселелерді талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға сала басшылары, тиісті мекеме жетекшілері, мен жауапты мамандар қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ветеринариялық станцияның басшысы Алмабек Құрмашев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Бөкей ордасы аудандық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қанат Кәрімов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин және аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақберген Молдағалиев баяндама жасады.

Ветеринариялық станцияның басшысы Алмабек Манарбекұлының мәліметінше, бүгінгі таңда АШЖБ дерекқорында 125 728 ірі қара, 109 700 ұсақ мал, 1 044 түйе және 40 232 жылқы тіркелген. Мал басын бірдейлендіру және есепке алу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. 2025 жылы атқарылған профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде 441 ірі қарадан бруцеллез ауруы анықталып, олар арнайы сою алаңдарында жойылды. Сондай-ақ 109 қора-жайға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Бисен ауылдық округінде ірі қара мал арасында құтыру ауруының екі ошағы тіркеліп, індетті оқшаулау және залалсыздандыру шаралары қолға алынған. Жалпы, аса қауіпті аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда деді сала басшысы.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясы басшысының м.а. Қанат Кәрімов те қауіпті ауру ошақтарында жүргізілген эпизоотологиялық және серологиялық зерттеулер нәтижесіне тоқталып, ветеринариялық талаптарды сақтау мәселесіне ерекше мән беру қажеттігін айтты.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллиннің айтуынша, 2025 жылы ауданнан өзге өңірлерге 22 285 ірі қара, 22 260 қой, 9 320 жылқы және 150 түйе шығарылған. Ірі қараның басым бөлігі Батыс Қазақстан облысына (6 961 бас), Атырау облысына (3 855 бас) және Қарағанды облысына (2 850 бас) жөнелтілген. Қой малының көбі Ақтау қаласына (8 102 бас), Батыс Қазақстан облысына (4 650 бас) және Атырау облысына (4 087 бас) жіберілген. Жылқы малы негізінен Түркістан облысына (4 817 бас), Батыс Қазақстанға (1 006 бас) және Атырауға (919 бас) тапсырылған. Сонымен қатар өткен жылы «Кублей» ЖШС-не 2 226 ірі қара, 482 қой және 283 жылқы өткізілген. Бұл көрсеткіштер аудан шаруаларының өнім өткізу нарығы кеңейіп келе жатқанын аңғартады деді.

Аталған жиында мал ұрлығы мәселесі де кеңінен талқыланды. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақберген Молдағалиевтің мәліметінше, 2025 жылы мал ұрлығы бойынша 20 дерек тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артқан. Атап айтқанда, Сайқын ауылында – 5, Хан ордасында – 4, Бисенде – 2, Мұратсайда – 3, Ұялы ауылында 6 қылмыстық іс тіркелген. Жалпы 132 ірі қара, 11 жылқы және 52 қой ұрланған. Аудан полицейлері 118 басты (ірі қара мен жылқы) тауып, заңды иелеріне қайтарды. Дегенмен, ауданымыздың облыс көлемінде мал ұрлығының өсуі бойынша алдыңғы орынға шыққаны алаңдатады. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал бағуды ұйымдастыру, малды чиптеу арқылы сәйкестендіру, бағымсыз малды қамайтын арнайы орындар ашу т.б жөнінде жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жолданғанымен, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүйелі түрде қолға алынуы қажет екені айтылды.
Жиын соңында аудан әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мал шаруашылығын дамыту, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және мал ұрлығының алдын алу бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ветеринария саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан мамандарға аудан әкімінің атынан алғысхаттар табысталды.
Арайлым Есмағұлова
Бөкей ордасы ауданы