26.02.2026, 11:00
Оқылды: 50

«Аққайың көрсем, жүгіріп барып құшақтаймын»

«Менімен танысқан жандар «Есіміңіз ерекше екен, атыңызды кім қойған?» деп сұрап жатады. Мен болсам: «Әкем қойды!» деп мақтанышпен айтамын», – дейді Жаңақала ауданындағы Мәстексай ауылының тұрғыны, жол саласының маманы Жасқайың  Қуанов.

отбасымен

– Марқұм әкем Сапарғали Қуанұлы Ізбасаров 1974 жылы Жаңақала ауданындағы «Мәстексай» совхозында прораб болды. Ертемен құрылыс бөліміне келсе, қайың ағашы тиелген жүк көлігі келіп тұр дейді. Жіп-жіңішке, түп-түзу, аппақ қайыңдарды кім көзі қиып кесті екен деп көңілі алабұртып, ойға шомыпты. Ол кезде  анам мені босануға аудан орталығына кеткен екен.  Кеңседен бір қызметкер келіп  әкеме: «Келіншегіңіз жеңілденді. Ойбуй, не қып жүрсіз? Атқамінеріңіз өмірге келді, бауы берік болсын!»  –  деп сүйінші сұрапты. Бұл маусымның 29-ы, мен туған күн еді. Сұлулықтың символындай солқылдаған жас талдардың «ғұмырының» ерте қиылғаны жүрегі жұмсақ, әдемілікке іңкәр жанға қатты әсер етсе керек. Содан мені ауруханадан шығарарда есімді Жасқайың деп қойыпты. Қайың  секілді сымбатты, өмірдегі қиыншылықтарда  сына қоймайтын мықты жігіт болсын деп ырымдаса керек. Негізі, аққайың нәзік көрінгенімен, діңі қатты, шамалыға сына қоймайды. Әркімге өз әкесінен жақсы жан жоқ, ал менің әкем расымен, ең жақсы адам еді. Жүрегі мейірімге толы, сабырлы жан еді. Ол өзін байсалды ұстайтын, айналасындағы адамдарға ерек құрметпен қарайтын. Бала болсам да, оның адами, сақы қасиеттерін өнеге етіп өстім, – деп ақтарыла әңгімеледі  Сапарғалидың Жасқайыңы.

Кейіпкеріміздің әкесі 1942 жылы 1 наурызда бұрынғы  Жалпақтал ауданындағы «Красный партизан» совхозы, қазіргі Ақпәтер ауылында дүниеге келді. Оралдағы құрылыс техникумында оқып жүрген кезінде әскер қатарына алынып, оқуын аяқтай алмады. Бірақ қолында дипломы болмаса да, өз бетімен білім-біліктілгін жетілдірген,  көзі ашық, көкірегі ояу жан болған. Есепші, бухгалтер, прораб, «ОхотоПромхоз» мекемесінде  директордың орынбасары, Мәстексай ауылдық  округінде мұнай базасы бастығының орынбасары қызметтерін  абыроймен атқарды. Кеңестік шаруашылықтар ыдырағаннан кейін жеке қожалықта бухгалтер болып, содан зейнетке шықты. 62 жасында қайтыс болды. Ал Жасқайыңның анасы Күләш Ғайнешқызы Дәулетқалиева «Мәстексай» совхозында бухгалтер болып еңбек етіп, кейін денсаулығына байланысты қызметінен қол үзді. Аяулы анасы ұрпағының қызығын көріп, екі жыл бұрын дүние салды.

«Отбасымызда екі қыз, бір ұл өстік. Ақмарал есімді апам 45 жасында өмірден озды.

Айгүл қарындасым Оралда тұрады. Бәріміз де үйлі-барандымыз. Балалық шағымды есіме алсам, әкемнің қолына кітап ұстап, ерте көктемде далаға қой жаюға бара жатқан бейнесі көз алдыма келеді. Бір күні қарасам, қолына әдеттегідей кітап емес, Құран кітап ұстап алыпты.  Сол кезде далаға барып Құран оқиды екен. Сөйтсем, папам қарттыққа дайындалыпты.

Оны есейгенде түсіндім.  Зейнеткерлікке шыққан соң, қызметте жүргенде киген костюм-шалбарын, галстугын  тастап, басына тақия, үстіне қысқа етек шапан киді. Осылайша 59 жасында Құранға  тұрып, ауылда молдалық қызмет атқарды. Өлім-жітімде  жаназа шығарды. Бұрын коммунист әрі басшылық қызметте болған адам ғой. Жаман ауру жабысып, біраз жыл қиналды. Өзінің қайтыс боларын он күн бұрын ескертті. Балалары қорқып қалмасын деп қайтатын күні ауыл молдасын шақыртты. Айтқан күні, наурыздың 10-ында өмірден өтті. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген, әкемнің көзін көргендер асқар тауымды ерекше жылылықпен, құрметпен еске алады», – деді Жасқайың Сапарғалиұлы.

Ж. Қуанов 1981 жылы Мәстексай ауылындағы С. Меңдешев атындағы мектептің табалдырығын аттады. Он бірінші сыныпты бітіріп, Оралдағы медициналық училищеге тіс дәрігері мамандығына оқуға түседі. Бірақ оқуды аяқтай алмай, 1993 жылы әскер қатарына алынады. Азаматтық борышын өтеп келген соң ауылда қара жұмыс істейді. Совхоз тарағаннан кейін  Атырау облысындағы Теңіз,   Қарабатан мұнай кен орындарында еңбек етті. 2005 жылы Аққалам есімді арумен отау құрады. Екеуінің Айсезім, Гүлнәзім, Сағи есімді балалары бар. Айсезім тұрмыс құрып, екі жиен сүйгізді. Жасқайыңның жары Аққалам – газ құбыры мекемесінде  оператор, өзі 2021 жылдан бері «Юнисерв» компаниясында  жол учаскесінің бастығы болып жұмыс істейді. «Жаңақала – Мәстексай – Жаңақазан» бағытындағы жол құрылысындамыз. Былтыр 45 шақырымы салынды, енді 15 шақырымы  қалды. Биыл бітіреміз», – дейді Жасқайың Қуанов.

Адамға азан шақырып қойған есімнің тағдырына тылсым әсері болады деседі. Содан шығар Жасқайың: «Табиғатты жаным сүйеді. Қайда жүрсем де, бұратыла өскен  аққайың көрсем, жүгіріп барып құшақтай аламын», – дейді ол ағынан жарылып. Поэзия алыбы Мұқағали ақынның қайыңмен тiлдесiп, тiптi жанын алмастырғысы  келетін өлеңі де кейіпкеріміздің жанына жақын болуы есіміне байланысты шығар.

Жапырақ – жүрек жас қайың!

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң

Мен қайың, бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың?

(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі.)

Өміріңді маған бір берші!

Дүрбелең мына дүниені,

Адам көзімен бір көрші.

Қайың боп мен де бағайын,

Орманнан орным табайын.

Беймәлім маған өмірге,

Қайың көзімен қарайын, – дейтін еді ғой ақын.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале