26.02.2026, 12:30
Оқылды: 61

Ардагерлер  де алдыңғы шепте  

 

Достық  үйінде «Ардагерлер  ұйымы» РҚБ Орал  қалалық  филиалының  2021-2026  жылдары  атқарған  жұмысы  туралы  есеп  берді. 

DSC03377

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесовтің баяндауынша, бүгінде облыс орталығында 54 500-ден астам зейнеткер бар. Олардың алтауы соғыс ардагері болса, 868-і – тыл ардагері. Шаһардағы 170 ардагер ұйымының құрамында 16 000 зейнеткер бар. Төраға ардагерлер кеңесі мүшелерінің қоғамдық-саяси, патриоттық тәрбие беру, мәдени-көпшілік іс-шараларына белсенді қатысып жүргенін атап өтті. Есепті мерзім ішінде зейнеткерлер ҚР Парламенті Мәжілісінің, мәслихат депутаттары сайлауларының, референдумның басы-қасында жүріп, өңірде болған көктемгі су тасқыны кезінде апатты жоюға ұйымшылдықпен атсалысқан. Облыстың, шаһардың саяси-мәдени өміріне белсенді араласып жүрген ардагерлер Орал қаласының құрметті азаматы атағына ие болған. 2009 жылы құрылған «Ардагер» клубының мақсаты – зейнеткерлердің мәдениет саласындағы жұмысын ұйымдастыру.

– Ардагерлер ұйымы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығымен, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханамен және Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасымен, ардагерлер клубы ұжымдарымен бірлесіп жұмыс атқарып келеді. Мысалы, Қадыр орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында Әленғали Кереев, Асқар Ақышев, Үзілдік Елеубайқызы және басқа ардагерлердің  мерейтойларына орай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал Хамза кітапханасында бірнеше зейнеткердің кітабының тұсауы кесілді. Білім беру саласымен де тығыз байланыстамыз. Орал қаласындағы 53 мектепте, 4 колледжде және екі жоғары оқу орнында ардагерлер ұйымдары құрылған, – деген Мынатаубиік Таупиқұлы салауатты өмір салтын ұстанатын зейнеткерлерге ерекше тоқталды. Мәселен, қалалық спорт ардагерлері бастауыш ұйымында 150 адам бар. Олар жыл сайын 70-тен астам жарысқа қатысып, өңір спортын дамытуға үлес қосып жүр. Бұл ретте ардагерлерге дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исановтың үлкен көмек көрсетіп жүргенін атап өтті. Сонымен қатар «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің де қолдау білдіріп отырғанын да айтты. Бұл орталықта зейнеткерлер спортпен шұғылданып қана қоймай, хор, би секілді басқа да үйірмелерге  қатысады.

Мынатаубиік Әнесов қалаға қарасты кенттердегі ұйымдардың жұмысына да тоқталды. Әсіресе Жанат Сағынаев төрағалық ететін Ақжайық ауданы жерлестерінің бастауыш ұйымының
белсенділігін ерекше атады. Бұл ұйым ақжайықтық зейнеткерлердің қоғамдық өмірден қол үзбей, түрлі іс-шаралардың бел ортасында жүруін жолға қойған. «Ауыл партиясы» БҚО филиалының ардагерлер ұйымына ұдайы демеуші болатынын да тілге тиек етті. Сөз соңында қалада тұратын ауыл шаруашылығы саласы ардагерлерінің бастауыш ұйымын құру  қажеттігін  айтты.

Конференция барысында қалалық ардагерлер кеңесінің бірнеше бастауыш ұйым төрағасы есеп беріп, атқарылып жатқан жұмысты баяндады. Мысалы, шығармашылық сала ардагерлерінің бастауыш ұйымының төрағасы Анвар Таумов өзге облыстардың көбінде ардагерлер сарайы ашылып, онда зейнеткерлердің алаңсыз іс-шаралар өткізуіне барлық жағдай жасалғанын атап өтті. «Біздің
ұйымдағы белсенді, өнерлі зейнеткерлер тәжірибелерін бөлісіп, ұрпақ тәрбиесіне атсалысуға әрдайым дайын. Алайда мүмкіндік болмай тұр. Себебі ансамбльдер отыратын жайлы орын  жоқ. «Ардагер» клубының өзі Ю. Гагарин атындағы балалар кинотеатрдың шағын екі бөлмесінде отыр. Жазда ыстық, қыста суық. Мерекелік іс-шараларға шаһардағы түрлі мәдениет ошақтарының залдарына барып дайындаламыз. Сахналық киімдерді, аспаптарды көтеріп, қоғамдық көлікпен қатынаймыз. Аудандар шақыратын іс-шараларға да көліктің жоқтығынан бара алмаймыз. Ұйымдағы қолөнер шеберлерінің туындыларын бір жерге жинастырып қоятын орын жоқ. Ардагерлер бас қосатын лайықты орталық болса, түрлі іс-шараларды қиналмай өткізуге, қолөнер туындыларын бір жерге жинақтауға мүмкіндік болар еді. Ал кейбір өңірлерде арнайы көлігі, қажет мамандары бар ардагерлер сарайы жұмыс істейді. Мен бұл мәселені төрт жылдан бері көтеріп келемін. Қаланың қазіргі әкіміне дейін болған екі басшысының қабылдауында болдым. Олар мәселені шешеміз деген еді, бірақ әлі нәтиже жоқ. Былтыр облыс әкіміне ардагерлер сарайының қажеттігі жөнінде хат жаздық. Ол облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жолдады. Ал басқармадағылар өздерінің құзыретіне жатпайтынын айтып, қала әкіміне бару қажет деді. Енді бар үмітіміз шаһар басшысы Мұрат Байменовте», – деді Анвар Таумов.

DSC03382

Қалалық ардагерлер кеңесі зейнеткерлердің әлеуметтік-сауықтыру, психологиялық тұрғыда қызмет алулары үшін кешенді жұмыс жүргізуде. Осы бағытта Орал қалалық әкімдігімен тығыз байланыс орнатқан. Конференцияда сөз алған шаһар басшысының орынбасары Арсен Зиннатұлы қариялардың идеологиялық бағытта жүргізіп жатқан жұмысы аса маңызды екенін атап өтті. Іс-шарада айтылған ұсыныстар, сын-ескертулер назарға алынып, тиісті сала мамандарына тапсырма берілетінін айтты. Бәрі заңдық тұрғыда екшеліп, қаражат жағы қарастырылмақ. Әкімдікке қарасты бөлім басшылары ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыруға атсалысулары қажет екенін  де  баса  айтты.

Іс-шара соңында Орал қалалық ардагерлер кеңесінің құрамы мен облыстық конференцияға баратын делегаттардың тізімі бекітілді. Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Мынатаубиік Әнесов қайта  сайланды.

Ясипа  Рабаева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале