26.02.2026, 17:45
Оқылды: 182

Су тасқыны қаупіне қарсы дайындық: «Көктем–2026» басталды

25–27 ақпан аралығында облыс аумағында көктемгі кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға дайындықты жетілдіруге бағытталған республикалық «Көктем–2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде. Ауқымды шара Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі (АҚМЖ) күштері мен құралдарының су тасқыны кезеңіндегі іс-қимылдарын нақты жағдайда пысықтауға арналған.

WhatsApp Image 2026-02-26 at 18.21.26 (1)

Оқу-жаттығудың басты мақсаты — 2026 жылғы су тасқыны кезеңі жағдайында төтенше жағдайларды жою кезінде азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен қызметтерін іс-қимылдарға дайындау. Көктем мезгілінде қардың жаппай еруі, өзендердегі мұздың жібуі және су деңгейінің көтерілуі елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан алдын алу шаралары мен жедел әрекет ету алгоритмдерін жетілдіру басты назарға алынған.

Оқу-жаттығу екі кезеңнен тұрады.

WhatsApp Image 2026-02-26 at 18.21.26 (3)

Бірінші кезең — жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды пысықтауға бағытталған. Бұл кезеңде азаматтық қорғау қызметтерінің жоғары дайындық режиміне көшуі, су басу қаупі бар аумақтарда алдын алу шараларын жүргізу, халықты қорғау және инфрақұрылымды сақтау мәселелері қарастырылды.

WhatsApp Image 2026-02-26 at 18.21.26

Екінші кезең — өңірлік және ауқымды төтенше жағдайлар кезіндегі басқару мен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға арналған. Мұнда бірнеше елді мекенге қауіп төнген жағдайда күштерді шоғырландыру, эвакуация жүргізу және жедел штабтардың жұмысын үйлестіру мәселелері пысықталады.

Облыстық төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсановтың айтуынша, оқу-жаттығу аясында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барлық бағыт бойынша тексерілуде.

WhatsApp Image 2026-02-26 at 18.21.27

— Қазіргі уақытта азаматтық қорғау күштері жоғары дайындыққа келтіріліп, су тасқынына қарсы алдын алу шаралары, арнайы техника мен материалдық қорлардың әзірлігі нақтылануда. Сонымен қатар құлақтандыру және байланыс жүйелерінің жұмысқа қабілеттілігі, жедел кезекшілік қызметінің дайындығы, жағдайды бақылау және болжам жасау жұмыстары пысықталуда. Қажет болған жағдайда халықты эвакуациялау, уақытша орналастыру орындарын дайындау және барлық қызметтердің үйлесімді әрекет етуі басты назарда, — деді Бақытжан Ихсанов.

Ауқымды оқу-жаттығуға азаматтық қорғау қызметтері, құтқару бөлімшелері, коммуналдық ұйымдар, медицина қызметтері және жергілікті атқарушы органдар қатысуда. Жалпы алғанда, іс-шараға 1862 адам және 482 бірлік техника тартылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықтың нақты деңгейін бағалауға, әлсіз тұстарды анықтауға және төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел әрі үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

WhatsApp Image 2026-02-26 at 18.21.26 (2)

«Көктем–2026» оқу-жаттығуының қорытындысы бойынша азаматтық қорғау жүйесінің барлық буындарының дайындығы күшейтіліп, елді мекендер мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар қабылданады.

 

Бекзат Қанәділ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале