Алдағы референдум – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Осыған байланысты Теректі ауданының аумақтық референдум комиссиясы тарапынан дайындық жұмыстары жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізілуде. Біздің басты міндетіміз – референдумды заң талаптарына сәйкес, ашық және әділ ұйымдастыру.

Референдумды ұйымдастыру бойынша жалпы үйлестіруді Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы жүзеге асырады. Орталық комиссия бекіткен әдістемелік ұсынымдар мен нұсқаулықтар негізінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, нақты жұмыстар қолға алынды.
Теректі ауданының аумақтық референдум комиссиясы учаскелік референдум комиссияларының құрамын нақтылап, олардың жұмысын үйлестіруде. Барлық учаскелік референдум комиссиялары 2026 жылдың 22 ақпанынан жұмысқа кірісті. Комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында арнайы семинарлар мен оқыту тренингтері ұйымдастырылуда. Оқыту барысында референдум туралы заңнаманың негізгі талаптары, дауыс беру рәсімдері, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімімен жұмыс істеу, дауыстарды санау және қорытынды хаттамаларды рәсімдеу тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Әрбір комиссия мүшесі өзіне жүктелген жауапкершілікті терең сезініп, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс.
Ауданның барлық референдум учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Дауыс беру кабиналары мен жәшіктер дайындалып, ақпараттық стендтер орналастырылуда. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударылуда.
Референдум қарсаңында азаматтарды дауыс беруге шақыру жұмыстары маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Шақыру тарату – әрбір референдумға қатысуға құқығы бар азаматтарға референдум өтетін күні, уақыты мен дауыс беру учаскесінің орналасқан жері туралы нақты ақпарат жеткізудің тиімді тәсілі. Осы орайда ағымдағы жылдың 27 ақпанынан бастап учаскелік референдум комиссия мүшелері шақыруларды таратып бастады.
Референдумды өткізуде ашықтық, жариялылық және заңдылық қағидаттары басшылыққа алынады. Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысына қажетті жағдай жасалады.
Қорытындылай келе, аумақтық референдум комиссиясы алдағы маңызды саяси науқанды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Референдум – әр азаматтың ел тағдырына қатысты өз таңдауын жасауына берілген мүмкіндік. Сондықтан баршаңызды белсенділік танытып, референдумға қатысуға шақырамын.
Арсен Бисегалиев
Теректі ауданының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы