28.02.2026, 12:30
Оқылды: 263

Өнер мен руханият ұлықталған, жүректі толқытқан кеш

С.Садықов атындағы Казталов аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен «Өнеге шашқан жыршылық пен күйшілік, Құдайға бұл да құлшылық» атты рухани-мәдени кеш көрермен жадында ерекше әсерімен сақталды. Бұл — тек концерт емес, бұл — жүректен жүрекке жеткен сырлы сұхбат, ұлттық рухты жаңғыртқан тағылымды тағзым болды.
image-27-02-26-09-00-4
Аталған шара аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы негізінде «Ақниет» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен жүзеге асты. Руханиятты ту еткен игі бастама ел ықыласына бөленді.
Кештің құрметті қонақтары — ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиев және республикалық конкурстардың бас жүлдегері, Маңғыстау облыстық Мұрат Өскінбаев атындағы филармониясының солисі Нұрым Асқанов. Кеш тізгінін ұстаған Жандос Хамза әр сөзін салмақпен өріп, әр бөлімді мәнімен байланыстырып, кештің мазмұнын айшықтай түсті.
Сахнада күмбірлеген күй мен жүректі тербеткен жыр зал ішін ерекше күйге бөледі. Домбыраның қоңыр үні мен жырдың асқақ лебі көрермен жанын тереңге жетеледі. Елдік рух, анаға құрмет, дәстүр сабақтастығына арқау болған шығармалар залдағы көпшіліктің жан дүниесін толқытты. Кей сәттерде көздеріне жас алған аналарымыз да болды. Бұл – өнердің шынайы ықпалының көрінісі.
image-27-02-26-09-00-6
Кештің ең бір тағылымды тұсы — аудандық балалар музыка мектебі мен Жалпақтал өнер мектебінің ұстаздары және жас өнерпаз оқушыларымен бірге Жәнібек Жәмиевтің күй орындауы болды. Бұл — ұрпақ сабақтастығының көркем көрінісі, дәстүрдің үзілмес алтын арқауы іспетті әсер қалдырды. Сахна төрінде аға буын мен жас буынның өнер арқылы табысуы көрерменнің ерекше қошеметіне ие болды.
image-27-02-26-09-00-7
Кеш соңында аудан әкімі  әкімі Асланбек Ахметоллаұлы сөз сөйлеп, рухани шараның маңыздылығына тоқталды. Ол өнер иелеріне және ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, арнайы алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, екі қонаққа және кеш жүргізушісіне қазақы дәстүрмен шапан жауып, тұлпар мінгізіп құрмет көрсетті. Бұл – елдің өнерге деген ерекше ықыласының айғағы болды.
Ұлттық құндылықтар ұлықталған, жыр мен күй астасқан тағылымды кеш көпшіліктің жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Күй мен жырдың құдіретін ұқтырып,
Жүректерге жеткізуде мықтылық.
Казталовтық көрермендер қол соқты,
Нұрым менен Жәнібекке тік тұрып.
Ернәсіл Рысқалиев
Казталов ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале