28.02.2026, 18:30
Оқылды: 9

Мемлекет дамуының жаңа кезеңіне негіз болмақ

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Янайкин мен Щапов ауылдарында болып, еңбек адамдарымен, зиялы қауым, этномәдени бірлестік, жұртшылық өкілдерімен кездесті.

image-28-02-26-05-06

Алдымен олар Янайкин ауылындағы «Терра-Ақжайық» ЖШС-нің өндірістік цехында 90-ға жуық жұмысшымен кездесті. Жиынды ашқан Бәйтерек аудандық коалиция жетекшісі Нұрлыбек Хайруллин бұл кездесудің мәні-маңызына тоқталды. Одан соң сөз алған коалиция құрамындағы облыстық, қалалық мәслихаттардыңдепутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері алдағы референдумның стратегиялық маңызын, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мазмұнын жан-жақты түсіндірді. Әсіресе еңбек адамының құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылды. Мәселен, БҚО мүгедектерінің ерікті қоғамы төрағасы Жұмажан Қожжановтың айтуынша, Конституция – мемлекеттің негізгі тірегі, бүкіл құқықтық жүйенің іргетасы. Күнделікті өмірде қолданылатын заңдардың барлығы осы Ата заңнан бастау алады. Сондықтан оған енгізілетін әрбір өзгеріс пен толықтыру – ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды қадам.

image-28-02-26-05-06-6

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жұмысшылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жаңа конституциялық өзгерістер аясында еңбек құқықтарының сақталуы, әлеуметтік әділеттілік пен жауапкершілік тетіктері жөнінде нақты жауаптар алды. Мұндай тікелей пікір алмасу азаматтардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттыруға және референдумға саналы қатысуына ықпал ететіні атап өтілді.

Кездесу одан әрі Щапов ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Жиында сөз алған «Өрлеу»БАҰО» АҚ БҚО бойынша кәсіби даму институтының өңірлік сарапшысы Айдарбек Айтбөкешев 2026 жыл еліміз үшін тарихи маңызы бар кезеңдердің бірі деп есептейтінін жеткізді.

-Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, жасанды интеллектінің (ЖИ) пайда болуы – адамзат өміріне түбегейлі жаңалықтар әкелді. Бұл – бұдан он жыл бұрынғы өмір сүру деңгейімен салыстыруға келмейтін үдеріс. Күнделікті тұрмыста да соны бәрі сезінуде. Технологиялар адамның өмірін жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге, сапалы қызмет алуға мүмкіндік беріп отыр. Жаңа Конституция жобасында да осы заман талабына сай бағыттар қамтылған. Жалпы, жаңа өзгерістер білім мен ғылымға, инновацияға басымдық беруге бағытталған. Адам капиталының дамуы – ел экономикасының тұрақты өсуінің негізгі факторы. Сондықтан ұсынылып отырған түзетулер мемлекет дамуының жаңа кезеңіне қадам басуға, адами ресурстың сапасын арттыруға және әр азаматтың әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Айдарбек Төлепұлы.

image-28-02-26-05-06-4

Кездесуде сөз алған «БҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенова қоғам үшін маңызды екі бағытқа – халық кеңесі институты мен еңбек ету құқығына тоқталды. «Бүгінгі талқыланып отырған жаңа Конституция жобасы еліміздің басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған құжат,-деді ол.- Өздеріңіз білесіздер, жаңа жобаға сәйкес бірқатар басқару тетіктері нақтыланып, саяси жүйенің тепе-теңдігі күшейтіледі. Сонымен қатар жаңа институт – халық кеңесі енгізіледі. Бұл – қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтатын маңызды құрылым. Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді деп жоспарлануда. Оның ішінде 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден, 42 өкіл – қоғамдық ұйымдардан, тағы 42 өкіл – өңірлерден, яғни мәслихаттар арқылы ұсынылатын болады. Бұл құрылым қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының мүддесін ескеруге мүмкіндік береді. Яғни, халық пен Президент арасындағы тікелей диалог алаңы қалыптасады. Сондай-ақ жаңа жобада еңбек ету құқығына ерекше мән берілген. 21-бапта әр азаматтың еңбек етуге құқылы екені нақты көрсетілген. Әркім өз қалауынша мамандық таңдап, білім алып, еңбек ете алады. Мемлекет еңбек ету құқығын қамтамасыз етеді, ал жұмыс беруші өзіне қажетті маманды жұмысқа қабылдауға құқылы. 31-бапта еңбек ету құқығы жарияланып қана қоймай, әлеуметтік кепілдіктер арқылы қорғалатыны көрсетілген. Атап айтқанда, ең төменгі жалақы, зейнетақы төлемдері, жасына байланысты жәрдемақылар, ауру немесе жазатайым оқиға жағдайларындағы әлеуметтік қолдау – барлығы Конституция деңгейінде бекітіледі. Бұл – әлеуметтік мемлекеттің басты қағидаттарының бірі. Яғни, азаматтардың еңбек ету құқығы мен әлеуметтік қорғалуы ең жоғарғы заң – Конституция арқылы кепілдендірілмек».

Кездесу барысында сөз алған Щапов ауылдық округының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақыт Жұбанов отандастарымыз қазіргі Конституциямен отыз жыл бойы өмір сүргенін айтты. Еліміздің әрі қарай дамуы үшін жаңа Ата Заңды қабылдауды дұрыс санайды. Сондықтан ол жерлестерін 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысып, өз дауыстарын беруге шақырды

Салтанат Зұлқарнаева

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале