Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылындағы «Айгөлек» бөбекжайы 120 балдырғанға арналған. Заман талабына сай жұмыс істеп отырған бөбекжай ұжымының негізгі мақсаты – бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына жағдай жасап, олардың бойында өмірге қажетті алғашқы дағдыларды қалыптастыру. Мұнда алты топ жұмыс істейді. Атап айтқанда, бір жастағы бөбектерге «Ботақан» тобы, 1-2 жас аралығындағыларға «Балапан» тобы, 2-3 жастағылар үшін «Көгершін» кіші және ортаңғы топтары, үш жастағы бүлдіршіндерге «Қарлығаш» ортаңғы тобы, 3-4 жас аралығындағыларға «Шағала» аралас тобы және 4-5 жастағы бүлдіршіндерді ересек әрі мектепалды «Балдәурен» тобы қамтиды. Бөбекжайдағы оқу-тәрбие жұмысы толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Бөбекжай директоры Салтанат Арыстанова балаларды түрлі бағытта дамытуға, өз-өзіне қызмет ете білуге көп көңіл бөлетінін айтып берді.

Мектепке дейінгі мекеме – баланың болашақ мамандықтар туралы алғашқы түсінігі қалыптасатын орта. Осыны ескере отырып, бөбекжайда еңбек әрекетін ойын арқылы меңгеруге ерекше мән беріледі. 2025-2026 оқу жылына арналған әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес балаларға мамандықтар туралы қарапайым түсінік қалыптастыру мақсатында арнайы сюжеттік-рөлдік ойын орталықтарын жасақтадық. «Тігінші», «Шеберхана», «Наубайхана», «Әуежай», «Телестудия», «Асхана», «Құрылыс», «Шаштараз» бұрыштарын балаларға қауіпсіз әрі қолжетімді түрде ұйымдастырамыз. Ойын барысында бүлдіршіндер түрлі рөлге еніп, еңбек әрекетін сезінеді. Бұл олардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, жауапкершілік пен ынтымақтастық дағдыларын қалыптастырады, – деп сөзін сабақтаған Салтанат Мұратқызы осыдан біраз жыл бұрын Чехияның астанасы әрі ең ірі қаласы Прага қаласында бөбекжай аралап, тәжірибе алмасқан сәттері туралы ой бөлісті.
Шетелдік тәжірибеде еңбекке екі жастан баулиды
2018 жылы Салтанат Арыстанова Прага қаласына бірнеше педагог, балабақша меңгерушілерімен және әдіскерлермен бірге тәжірибе алмасу үшін барады. Сапардың басты мақсаты – мектепке дейінгі білім берудің жаңа тәсілдерін көру, салыстыру және тәжірибе жинақтау. Шетелдік балабақшалардағы алғашқы әсер – жасандылықтың жоқтығы. Қонақтарды қарсы алу да, күнделікті оқу үрдісі де бірқалыпта ұйымдастырылады. Яғни арнайы көрсетілім үшін емес, балабақшаның шынайы өмірін таныстырады.
– Бізде көбіне ашық сабақ алдында балалардың ақ жейдемен, тап-таза болып келуіне ерекше мән береміз. Күнделікті өмірде де балалар киімін бүлдіріп алмаса деп алаңдаймыз ғой. Ал онда балалар күнделікті киімімен жүрді. Бір топта балалар бояумен сурет салып отыр, үсті-басы бояуға малынып кеткен. Бірақ ешкім оған аса мән бермейді. Ең бастысы, баланың тапсырманы тиянақты орындай алуы маңызды. Тіпті ата-аналар кешке баласы тап-таза болып қайтса, «Бүгін балабақшада ештеңе істемеді ме?» деп сұрайды екен. Бұл – тәрбиенің әрекетке негізделген мүлде басқа философиясы еді. Шетелдік тәжірибеде еңбекке баулу екі жастан басталады. Балалар өз ойыншығын өзі алып, жұмыс орнын дайындап, ісін аяқтаған соң жинастыруды үйренеді, – дейді Салтанат Мұратқызы.

Тәрбиеші мамандығына талап жоғары
Прага сапарында бөбекжай директорына Монтессори орталығы ерекше әсер қалдырған. Бұл жерде балалар еркін қозғалып, өз ынта-ықыласына сай әрекет етеді екен. Бірі құрастырады, бірі сурет салады, енді бірі басқа аймақта жаңа іспен айналысады. Тәртіп сырттан талап етілмейді – ол баланың күнделікті дағдысына айналады. Тағы бір ерекшелік – ата-анамен серіктестік қатынастың нақты жүйесі. Әр қызмет түріне жеке келісімшарт жасалады. Мысалы, бассейнге қатысу үшін бөлек құжат рәсімделеді. Бұл жауапкершілікті екі тарапқа тең бөледі. Топтағы бала саны да аз – сегізден он екіге дейін. Мұндай ортада әр балаға жеке көңіл бөлуге мүмкіндік мол.
– Шетелде тәрбиеші мамандығына қойылатын талап та жоғары. Педагог болу үшін диплом жеткіліксіз – мемлекеттік тілден арнайы емтихан тапсыру міндетті. Тілді меңгермеген маман тек көмекші қызметкер ретінде ғана жұмыс істей алады, – дейді Салтанат Мұратқызы.

«Қоғам дайын болуы керек»
Ол әңгіме барысында шетелдік тәжірибеден кейін жаңа әдістерді бөбекжайға енгізу туралы ой туындағанымен, бірден бәрін өзгерту оңай емес екенін айтып қалды.
– Мұндай өзгерістерге алдымен қоғам, ата-ана дайын болу керек. Бізде балабақша жұмысының басты қағидасы – бала қауіпсіздігі. Сондықтан көптеген жаңашыл тәсілді енгізуде заңдық және әлеуметтік талаптар ескеріледі. Ол жақта балалар ерте жастан кішкентай балға, арамен жұмыс істеуді үйренеді. Балалар жеңіл тұрмыстық жұмыстарға да қатысып, печенье пісіруге көмектеседі, шағын тағам дайындайды. Барлығы қауіпсіздік талаптарына сай жүзеге асады. Біз әзірге ойыншық ара, ойыншық балға алып, балаларға жайлап үйретіп жүрміз, – дейді Салтанат Арыстанова.

«Баланы дамытатын қол моторикасы»
«Айгөлек» бөбекжайын аралап жүріп ұққанымыз, бөбекжай директоры шетелден үйреніп келген тәжірибесінің кейбір элементтерін енгізуге тырысқан екен. Әдемі жасақталған әрбір бұрыштан, баланың өз қолымен жасаған жұмыстарынан бөбекжай ұжымының сәбилерді ерте жастан еңбекке дағдылануға үйрете бастағаны байқалады.
«Айгөлекте» 20 педагог қызмет істейді. Мамандардың барлығы жоғары педагогикалық білімге ие. Олардың бәрі дерлік мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы бойынша арнайы даярланған. Педагогтер кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттырып, әр бес жыл сайын санаттарын көтеріп, үш жыл сайын білім жетілдіру курстарынан өтеді. Тәрбиешілермен қатар дене тәрбиесі нұсқаушысы, музыка жетекшісі, қазақ тілі маманы, педагог-психолог, логопед және бейнелеу өнері мамандары балалармен жүйелі жұмыс жүргізеді. Бөбекжай ұжымы облыстық «Бәрін білгім келеді» интеллектуалдық эксперименттік зерттеу алаңы мен «Жасыл балабақша» жобасына қатысып, тәжірибелерін облыстық, аудандық деңгейдегі семинарларда бөлісіп келеді.
– Қазіргі таңда ерекше білімді қажет ететін балалар санының артуы да педагогтерге жаңа міндет жүктеп отыр. Логопед, психолог және басқа мамандар бірлесе жұмыс істеп, әр баланың жеке қажеттілігіне сай дамыту ортасын қалыптастырады. Баланың қызығушылығын сақтау үшін оқу ортасы үнемі жаңартылып отырады. Тағы бір байқағаным, ерекше білімді қажет ететін балалар жүйелі еңбектің нәтижесінде бастапқымен салыстырғанда кәдімгідей өзгереді. Сондықтан кішкентай кезінен бастап баланың қол моторикасымен жұмыстануға көп көңіл бөлу керек. Өйткені баланы қол моторикасы дамытады, – деп ой бөлісті тәжірибелі педагог.
Бала тәрбиесі мінсіз көріністе емес, еңбек әрекеті арқылы қалыптасатынын ұғынған Салтанат Мұратқызы жасандылықтан гөрі шынайылықты басты орынға қояды.
«Қуанышы әр үйдің – күлкісінде сәбидің» демекші, бөбекжайдағы әр баланың шат күлкісі мен бақытты балалық шағы, жеткен жетістігі – ұжым еңбегінің басты нәтижесі.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»